Ақпанның ауа райы қандай болады?

Ақпанның ауа райы қандай болады?
Сурет: Вelnovosti.by

Жауын-шашын мөлшерге сай болмақ.

Синоптиктер ақпанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Синоптиктердің мәліметінше, ақпанның бірінші онкүндігінде республиканың оңтүстік жартысының тұрғындарын жылы және жауын-шашынды ауа райы күтеді. Оңтүстік циклондардың жиі шығуы қарқынды жауын-шашынның түсуіне әкеледі, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Ауа температурасы түнде -2+5°С-қа дейін, күндіз +5+12 градусқа дейін жоғарылайды. Онкүндіктің соңында қайтадан түнде -3-15 градусқа дейін, күндіз 0,+8 градусқа дейін салқындайды.

«Еліміздің батыс аймақтарына Солтүстік-батыс циклонмен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді, бірінші онкүндікте батыс аймақтардың тұрғындарын ауа райының тұрақсыз сипаты, жаңбыр мен жылбысқы қар түріндегі аралас жауын-шашын мен екпінді жел күтеді. Ауа температурасының күндізгі фоны -3+5 градусқа шегінде болжанады», - делінген хабарламада.

ҚР қалған аймақтарында бірінші онкүндіктің бірінші жартысында Сібір антициклонының әсерімен аязды, негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Кезеңнің екінші жартысында Сібір антициклоны әлсірейді, Жерорта теңізі аудандарынан циклон республиканың солтүстік-батысына қарай жылжиды, еліміздің солтүстік жартысында атмосфералық фронттардың күшеюімен қар жаууы, бұрқасын, желдің күшеюі 15-25 м/с дейін болжанады.

Ауа температурасы жоғарылайды:

еліміздің солтүстігінде түнде -20-28°С-тан -15-20 градусқа дейін, күндіз -8-18 градустан -5-10 градусқа дейін;

орталық аймақтарда ауа температурасы түнде -13-28 градустан -7-15 градусқа дейін, күндіз -7-12 градустан -1-7градусқа дейін ауытқиды;

еліміздің шығысында ауа температурасының басым фоны түнде 

-15-28 градус, күндіз -5-15 градус шамасында болжанады.

«Ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының басым бөлігінде, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының қиыр оңтүстігінде, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының оңтүстік жартысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан 1 градустан жоғары болады деп күтіледі», - делінген "Қазгидромет" хабарламасында.

Ақпанда жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Қызылорда, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан көп болады деп болжанып отыр.

Ақпанның екінші және үшінші онкүндіктерінде республика бойынша ауа-райының тұрақсыз сипаты болжанады: еліміздің басым бөлігінде негізінен қармен бұрқасын, ҚР оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман, көктайғақ күтіледі.

Ауа температурасының ауытқуы күтіледі:

еліміздің батыс өңірлерінде түнде -15-25 градустан -7-15 градусқа дейін, күндіз -5-10 градустан -5+5 градусқа дейін;

республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнде -20-30 градустан -10-15 градусқа дейін, күндіз -10-15 градустан -2-7 градусқа дейін;

ҚР оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде -10-18 градустан 0,-5 градусқа дейін, күндіз 0,-5 градустан +3+10 градусқа дейін.