«Ақылды» есептеуіштер - заман жетістігі

«Ақылды» есептеуіштер - заман жетістігі
Cуреттер: Almaty-akshamy.kz

Газ, су, электр энергиясы саласында деректер берудің бастамасы есептеу құралдарынан басталады. Ал егер сол құралдар «ақылды» болса, ол халықтың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізері сөзсіз.  

 Өткен аптада Алматының «Алатау» инновациялық технологиялар паркі аймағында «Жылу, су, газ және электр энергиясын есепке алу аспаптары мен жүйелерін өндіру» тақырыбында семинар өтті. Еліміздің бірқатар қалаларынан келген сала мамандарының басын қосқан жиынды «NERO» компаниясы ұйымдастырды.

Халыққа тиімді әрі сапалы қызмет көрсетуді көздейтін аталмыш компания еліміздегі жылу, су, газ және электр энергиясын есептеу құралдары мен модульдық тораптарды өндірумен айналысады. 

Алдымен ұйымдастырушылар семинарға қатысушыларды есептеуіш құралдарын шығаратын өндіріс орнымен, яғни зауытпен таныстырды. Жауапты мамандар ондағы жүріп жатқан жұмыс процесіне тоқтала отырып, әрбір есептеуіш құралдардың технологиялық жасалу үлгісі мен атқаратын қызметін түсіндірді. Көрсеткіштерді қашықтықтан жазып алу аспаптарының дайындалу тәсілі корпустарды құю, платаларды дәнекерлеу, құрастыру, калибрлеу және салыстырып тексеруді қамтитын бірегей технологиялық процестен тұрады. Бүгінде компанияда білімі мен білігі ұштасқан, кәсіби 50-ге жуық маман жұмыс істейді. Жұмысшылардың санын арттыру мақсатында компания алдағы уақытта жаңа жұмыс орнын ашу жұмыстарын қолға алуда. Бүгінде компания Қазақстанның түкпір-түкпірінде мыңдаған есепке алу нүктелерін орнатып қана қоймай, түрлі жобалаларды жүзеге асыруда табысты қызмет етіп келе жатыр.

«Компания бұған дейін Қарағанды қаласында жұмыс істеп келген. Кейіннен Алматының жанында, орналасқан жері  бізге өте ыңғайлы «Алатау» АЭА мен Инновациялық технологиялар паркіне қоныс аудардық. Барлық аспаптар сертификатталған және Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркелген. Компанияның бәсекелестерінен артықшылығы жоғары сапа мен ұзақ мерзімді құрылғылармен Қазақстанды қамту үлесінің 50%-дан астамын қамтамасыз ететін бірегей технологиялық процесс болып табылады. Қаражатты үнемдеу, ысырапқа жол бермеу және ең бастысы, қашықтан хабар алу сервисін жетілдіріп, қауіпсіздікті арттыру. Яғни әрбір есептеу аспабынан деректерді қашықтықтан беру, сапа, құзыреттілік пен жауапкершілік – біздің компанияның басты ұстанымы. Қала тіршілігін жақсартуға ниет білдіруші компанияларды біз шығарған өнімдерді көруге шақырамыз», – дейді «HEPO групп» ЖШС-нің директоры Ерлан Нәбиев.

13 жылдық тәжірибесі бар компания 1300 м2 аймақты алып жатыр. Өндірістік аумақ есептеуіш құралдарды шығаратын заманауи құралдармен жабдықталған. Кең әрі жарық бөлмелердегі жұмыс үстелінде 4-5 маман жұмыс істеп отыр. Олардың қолынан шыққан өнімдер бүгінде еліміздің бірқатар қалаларында пайдаланылады.

«Ақылды» есептеуіштердің басты ерекшеліктері, ол, біріншіден, коммуналдық қызметтер мен пәтер арасында байланыс автоматтандырылады. Жаңа «ақылды» есептеуіш құралдар тұрғындардың суды немесе электр тогын, газды қанша қолданғаны туралы мәліметті тікелей коммуналды қызметтерге толқын арқылы жібере береді. Яғни пәтер иесінің қатысуынсыз жүреді. Айта кетейік, есептеуіш құрылғылары толығымен автономды және қосымша токты қажет етпейді. Екіншіден, коммуналдық қызметтер төлеуде ашықтықты қамтамасыз етеді. Үшіншіден, үйдің жалпы есептегіш құралына келетін есептің азаюы және есептегіш құралдың есепті дәлдікте беруі. «Ақылды» есептеуіш құралдардың тиімділі сол, ол коммуналды қызмет түрлерінің шығындарын есептеуді күшейтеді, нәтижесінде ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ал өз кезегінде бұл тұрғындардың суды, электр тогын, газды пайдалануда ұқыптылық көрсетуіне сеп болады. 

Зауыт жұмысымен танысу барысында қатысушылардан аталмыш компания өндірген құрылғылар жайындағы ой-пікірлерімен бөлісуін өтіндік.

«Цифрлық технологиялар жаһандық дамудың ажырамас бөлшегіне айналды. Бұл процесс біздің елімізде де қарқын алып келеді. «Үрлей салып, көзің қайсы деуден» аулақпыз, әрине. Мұнда біз компанияның жұмысымен танысуға келдік. Сондықтан компанияның жұмысына бірден жоғары баға беруге ерте. Уақыт бар, әлі зерделеп, зерттеп, пайдаланып көру керек.  Дейтұрғанмен, Энергия ресурстарын есепке алуды цифрландыру бағытында Алматыда жұмысын бастаған компанияның жұмысына табыс тілейміз», – дейді «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның жарық тарату желілері басқармасының басшысы Дмитрий Хлыбов.

Қазақстанда деректерді қашықтан беруді және тұрақты жүзеге асыратын ақылды есептеуіштердің үлесі 20%-дан аспайды. Есептеу  құралдарының шамамен 80%-ы әдетте қажетті деректерді бермейді. Метрологиялық көрсеткіштері төмен әрі сапасы да нашар. Бұл өз кезегінде құрылғылардың қызмет көрсету мерзімін қысқартып қана қоймай, есептеу құралдарын үнемі ауыстыруға әкеледі. Мұндай сапасыз құрылғылар тұтынушының қалтасына салмақ салады. Ал аталмыш компания шығаратын есептеу құралдарының сапасы жоғары. Әрі пайдалану сипаттамалары барлық талаптарға сай. Құрылғылар бірыңғай байланыс протоколдарымен және жеке бағдарламалық жасақтармен қамтамасыз етілген. Компания көпфункционалды электр энергиясын есептегіштерін, яғни үш фазалы «I-SM 3ХХ», су есептегіш «I-SU», шығын есептеуге арналған ультрадыбысты «САРБАЗ-РУЗ» есептегіштері секілді кең ауқымды есептеуіштерді шығарады. Демек, аталмыш компанияның ауқымды іске асыратын жобалары бойынша барлық аспаптардан тұрақты түрде 100% деректерді жинақтауға мүмкіндігі мол. Бүгінгі таңда осындай «ақылды» құралдар бірқатар қалаларда орнатылған. Мәселен, Жезқазған қаласы бойынша 30 мыңнан астам электр есептеуіштері, Қарағанды қаласы бойынша 2000-нан астам жылу есептеуіш құралдары және 1100 суық су есептегіш құралдары тұрақты түрде жұмыс жасап тұр. Компания 2014–2022 жылдар аралығында 34 500 есептеуіш құралдарын жасап шығарған. Цифрлық технологияны іске асыру жолында толағай жетістіктерге қол жеткізген компания бүгінде тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, сонымен қатар ұлттық экономиканы цифрландыру аясында өз жұмысын жалғастырып келеді.