Ақиқаттың алдаспаны

Ақиқаттың алдаспаны
almaty-akshamy.kz

Ұлт руханиятының абызы, көрнекті қайраткер Шерхан Мұртаза туралы сөз

ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің алтын ғасыры.

«Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір», «Сталинге хат»,

«Бесеудің хаты», «Ай мен Айша», «Бір кем дүние» шы­ғармалары сол ХХ ғасырдың тарихи бет-бейнесін көркем дүниемен көрсеткен ұлттық жәдігерлер.

Шерхан Мұртаза сондай-ақ өткен ғасыр журналистикасының шырағы мен пырағы.

Орынтақтың құлы болмай, орын­тақтың көркі болған да Шерағаң. Ол отырған креслоның үлкен-кішісі жоқ. Қай қызметке келсе де, сол қызметтің абыройына айналды.

Мұз жүректі жібітті, халқының сөзін айтты, қазақ әдебиетін байытты.

Шерағаңмен ағалы-інілі сыйлас болдық. Тағдырының қиын кезеңінде «Егемен Қазақстанға» қызметке ша­қырдым. Кеңесші болыңыз дедім.

«Кеңес беретін адамға, кеңесші болмаймын», – деп айтқан да Шерхан көкем.

«Жазғанымды түземейсің, күзе­мейсің, қысқартпайсың, осы сөзге тұрсаң, міне – қолым», – деп, уәдемді алған да Шерағаң еді.

Содан соң бір оппозициялық газет Шерхан Мұртаза «Егеменнің босаға­сында отыр» деп жазыпты. Шерағаң қолма-қол жауап қайтарды: «Егеменде табалдырық жоқ, бәрі төр!».

Белгілі көсемсөзші Камал Смайы­лов «Егеменге» «ХХІ ғасыр – Қазақстан ғасыры» деген бір бет мақала жазды.

Мақалада Қазақстанда Менделеев кестесінде көрсетілген барлық қазына­лар бар екендігін, оның елімізді бай елдердің қатарына қосатынына шек келтірмейтінін дәйектеді.

Шерағаң оған жауап жазды.

«Әй, Камал дос, сен ХХІ ғасыр Қазақстан ғасыры болады дейсің. Дұ­рыс-ақ, өзің жазғандай алтын мен күмістің үстінде отыр екенбіз. Айтшы, егер айтқандарыңның бәрі рас болса, осы алтын сандықтың үстінде қазақ неге жалаңбұт отыр?».

Жариялау керек пе? Басың да, та­ғың да кетуі мүмкін еді. Бірақ уәде Құдайдың бір аты. «Тәуекел» деп, жа­рияладым.

Бұл хат жазысу бір жарым жылға созылды. Камал ағам бірде заман ға­ламторлық ақпаратқа кетіп бара жатыр деп интернет жүйесі туралы толғанды. Бұл кезде интернет әлі өзінің күшін көрсеткен жоқ еді. Сонда Шерағаң: «сол ғаламторыңмен бірге жастары­мызды ұлттық құндылықтарымыздан айыратын рухани жағынан аздыратын күш келе жатқан жоқ па, деп ойламай­сың ба? Ылғи атыс-шабыс, зорлық- зомбылық, парақорлық, зинақорлық фильмдер түбі түбімізге жетіп жүр­месін» деп жазды.

Кейін бұл хаттар менің «Егемен­нен» кетуіме желеу болды.

«Бір кем дүниесінде» «Ай мен Айша» романынан үзінді келтірді. Онда 1937 жылы әкесі Мұртазаны ұс­тап бара жатқан түнгі сәт суреттеледі. Понятой дегендерін ертіп, түн қараң­ғысында үйіне НКВД-шілер кіріп ке­леді. Ай-шайға қарамай қамаққа ала бастайды. Сонда бір қызыл НКВД өкілі төрде ілулі тұрған жайнамазды көреді. «О, аяғым тоңып жүр еді, мына жайнамазды екіге бөліп, шұлғау жаса­йын», – деп аяғына орай бастайды. Бұл бала Шерханның жүрегіне шер болып қадалады.

Шерағаңнан қалған кейбір сөздерді жаңғыртқым келеді.

«Жапалақты тасқа ұрсаң да жапа­лақ өледі, таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледі». Бұл әлі коммунистік жүйе қалпында тұрған кезде айтылған сөз еді.

«Екі тіл жыланда ғана болады»; «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят ке­теді»;

«Менің қаруым – қолымдағы қала­мым, бәлкім қызметімді тартып аларсыздар, ал қаламымды ешкім де тартып ала алмайды», – деп Н.Назар­баевқа жауап берген де Шерхан, Шерағаң.

«Аурудың асқынған тұсы – науқан­шылдық»; «Қазір жоғарыдан төмен­ге, өрден ылдиға дейін жаппай ұрлық, қарлық. Ұлы ұрлық дәуірі», – деп бетке айтқан да Шерағаң еді ғой.

Көреген екен ғой, көкем!

Қаралы қаңтардан кейін Қазақс­тан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев Қазақстанның бүкіл бай­лығы 162 адамның қолында екенін ресми айтты ғой.

«Отан деген, ұят деген ұғым, сезім тапшы. Трижды убивает свою нацию тот, кто игнорирует родной язык. Мұны мен емес, Гегель айтқан», – деп еді-ау Шерағаң.

Депутаттық қызметінде де Шера­ғаң тіл үшін күресті.

Сенат пен Мәжілістің біріккен оты­рысында Амангелді Айталы ағамыз Мәжіліс және Сенат депутаттары мем­лекеттік тілден тест тапсыру мәселесін көтерді. Бұл ұсыныс дауысқа қойылды. Оған Сенаттың 30 депутатының 8-і жақтап, екеуі қалыс, 20-ы қарсы дауыс берген. Ал Мәжілістің 65 депутатының 25-і жақтап, 40-ы қарсы болған.

Шерағаң осыған күйініп «Егемен­ге» «Өз үйіндегі өгей тіл» деген мақа­ласында «мемлекеттік тіл осылай күйрей жеңілді» деп жазды.

Төле би бабамыз дүние салғанда Әйтеке би айтыпты: «Төлеби өлді де­генше, әділет өлді десеңші», – деп...

Шерағаң дүниеден өткенде де қа­лың қазақ осылай қара жамылды.

Әділеттің шырақшысы дүниеден өтті, – деп күңіренді.

Шерағаңның өзі жоқ, сөзі қалды. Қоладан құйылған ескерткіші қалды. Ұлтқа айтқан аманаты қалды.

Шерағаңның 90 жылдығын атап өтіп, «Шерхан зерттеу» орталығын құрып, туған ауылында музей ашқан, еңселі ескерткіш қойған Тараз халқына рахмет! Тарихы бай көне Тараздың үстінен нұр кетпесін!

Уәлихан ҚАЛИЖАН,  ҰҒА  академигі, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері.