Ахмет Байтұрсынов туралы фильм түсіріліп жатыр

Ахмет Байтұрсынов туралы фильм түсіріліп жатыр
Сурет: Inform.kz

Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілуде.

Бүгін Алматыда «Соңғы үкім» фильмінің түсірілімі басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Фильм қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері және саяси публицист Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған.

Картинаның сюжеті Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. Басты рөлде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды.

«Бұл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов туралы фильм. Оның өмірі, қоғамдағы істері және ең бастысы, оның күресі туралы. Бұл мемлекеттің арнайы тапсырысымен түсіріліп жатқан үлкен жоба. Байтұрсынов – біздің мақтанышымыз. Менің ойымша, біздің жас ұрпақ осындай фильмдерді көруі тиіс. Өйткені, Ахмет ағаның жасаған істері, Алаш Орда қайраткерлерінің ерлігі – бүгін кездеспейтін батылдық. Сондықтан сол кездегі оқиғаларды заманауи көрерменге көрсету керек», - дейді актер Азамат Сатыбалды.

Сценарий авторы – Ғалым Доскен. Жыл соңына дейін авторлар 14 ауысымды түсіруді жоспарлап отыр. Фильмнің негізгі бөлігі келесі жылы түсіріледі.