Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы
almaty-akshamy.kz

 Биыл Ұлт ұстазы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-реформатор - Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды.

2022 жылғы 11 қараша күні, сағат 10.00-де Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен Достық үйінің ғимаратында (Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі 40) «АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҰЛТ ҰСТАЗЫ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, - деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Конференцияның мақсаты – отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен Ахмет Байтұрсынұлы мұраларын жан-жақты ғылыми талдау, ахметтану ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, соңғы көзқарастар мен жаңа тұжырымдарға жол ашу.

Конференцияға отандық және алыс-жақын шетелдерден 100-ден астам ғалым-зерттеушілер қатысады. Оның ішінде профессор Нергиз Бирай, профессор Гүлжанат Эрджиласун, Бекір Түмен Сомынжыұлы (Түркия), доктор Phd Өзгежан Кисижи (Германия), профессор Хисао Комацу (Жапония), профессор Ким Саң Чоль (Корея), профессор Маханбет Жүсіпов, Бахром Ирзаев (Өзбекстан), доцент Зухра Алтымышева (Қырғызстан) секілді ғалымдар баяндама жасайды.

Сонымен қатар, 12 томдық Ахмет Байтұрсынұлының шығармалар жинағы және Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры, алаштанушы ғалым Нергиз Бирайдың Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеу кітабы секілді екі бірдей сүбелі еңбектің тұсауы кесіледі.