Академик Құралай Кәрібаева: Мәскеудің тәжірибесін неге қолданбасқа?

Академик Құралай Кәрібаева: Мәскеудің тәжірибесін неге қолданбасқа?
Сурет: Аlashainasy.kz.

Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаев 25 маусым күні Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатына қатысып, БАҚ өкілдерінің сан түрлі сұрақтарына жауап беріп, қаламыздың дамуы мен экономика, экология, бизнес, оқу-білім, медицина саласындағы өзекті мәселелер мен атқарылған істерге тоқталды, болашақ жоспарлармен бөлісті.

Мегаполис басшысының атқарылған істер жөніндегі сөзін тыңдаған қала тұрғындары бүгін өз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев елордада журналистерімен кездесуінде Алматының экологиялық жағдайын көтеруге қатысты ойларымен бөлісті. Бұл ретте экологиялық жағдайды 2025 жылға дейін жақсарту жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленгенін жеткізді. Бұл – қуантарлық жағдай. Мегаполис үшін ең бірінші әрі аса маңызды қадамдардың бірі – жылу қуат орталығын газға көшіру. Оның құрылыс-монтаж жұмыстары 2022 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады деп күтілуде. Жылу орталықтары газға ауыстыру – кезек күттірмейтін мәселе», -дейді Экология және орнықты даму институтының директоры.

«Сондай-ақ, көліктен шығатын зиянды газ, бензапирен ауаны айтарлықтай ластап, адам денсаулығына орасан зор қатер төндіреді. Сондықтан бұл мәселені Мәскеудегі секілді шешкеніміз дұрыс. Мәселен, онда сырттан келетін көліктер қалаға кіргізілмейді. Өзге облыстан келген халық темір тұлпарларын қала шетіндегі автотұраққа қойып, өздері метромен, автобустармен жүреді. Қазір бізде де метро салынып, созылып жатыр. Неге осы тәжірибені қолға алмасқа? Қаланың шетіне көлігіңді қойып, баратын жеріңе экологиялық таза автобустармен, метромен тез жетуіңе болады. Халық әрі жанармай үнемдеп, қаланың ластануына жол бермейді. Болашақта бұл мәселе де шешімін табатынына сенемін», -деді Құралай Кәрібаева.