Академик Қаныш Сәтбаев атындағы көше жаңартылатын болды

Академик Қаныш Сәтбаев атындағы көше жаңартылатын болды
Сурет: Mapio.net

Қаныш Сәтбаев көшесінің жалпы ұзындығы 7 шақырым. Соның жартысы, яғни орталығы күрделі жөндеуден өтеді.

Луганский-Байзақов көшелерінің аралығына жаяу жүргіншілер жолағы, серуендейтін алаңдар, қоғамдық кеңістіктер салынады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  

Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахметжановтың айтуынша, мегополистің орталық көшесіндегі тарихи және мәдени нысандарды байланыстыратын жаяу жүргіншілер жолы салынады.

«Бүгінгі күні қалада жалпы ұзындығы 54 шақырым болатын 110 жаяу жүргінші аймағы бар. Қала алдағы уақытта мегаполистің әлеуетін тиімді пайдалана отырып, қаланың орталық бөлігінде де, шеткі аудандарында да жаңа қоғамдық кеңістіктер құруды жоспарлап отыр», - деді Алмасхан Ахметжанов.

Спикер ұзындығы 380 метр болатын Мүсірепов көшесі Абай даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейін қалай өзгеретінін мысалға келтірді. Тұжырымдама бойынша жоба екі тақырыптық бөлімге бөлінген. Біріншісі – «Времена года» бульвары – Абай даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейін. Екіншісі – Мүсірепов көшесінің бойымен Сәтбаев көшесінен Тимирязев көшесіне дейін тұрғын үйлердің бойымен өтетін және Ботаникалық бақ пен ҚазҰУ арасын жалғайтын жаяу жүргіншілер бульвары. Сонымен қатар, ол Республика алаңы туралы айтты.

«Қазіргі таңда Республика алаңы автотұрақ ретінде пайдаланылады, оның жанында сауда ойын-сауық орталығы, қоғамдық орын бар. Бірақ неге адамдар ол жаққа бармайды? Өйткені инфрақұрылым жоқ. Сондықтан бұл жерді жобаға енгіздік, мұның бәрі қалай болатынын алдағы уақытта көреміз. Тұраққа келетін болсақ, біз оны қалдырамыз, бірақ оның аумағы аз болады. Біз жобаны келесі жылға жоспарлап отырмыз. Бұл біздің стратегиямыз», - деді басқарма басшысы.

Қаныш Сәтбаев көшесінің жалпы ұзындығы 7 шақырым. Соның жартысы, яғни орталығы күрделі жөндеуден өтеді. Луганский-Байзақов көшелерінің аралығына жаяу жүргіншілер жолағы, серуендейтін алаңдар, қоғамдық кеңістіктер салынады. Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинскаяның айтуынша, көшенің кей бөлігі алты жолақты кең болса, енді бір бөлігі көлік кептелісі пайда болатын тар жол. Сондықтан қала билігі осы мәселені де қарастырады.

«Тротуарлар кеңейтіліп, жасыл желек егіледі, кең көшелерді тарылтуымыз мүмкін. Бұл жаяу тұрғындардың қаупсіздігі үшін керек. Сейфуллин мен Байзақов көшелері архитектуралық жағынан өзгереді. Кептелісті азайтатын нұсқаны да қарастырып жатырмыз»,- дейді Наталья Ливинская.