ҚАЙТА ТУМАЙТЫН ЖАЛҒЫЗ

«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деп, Фаризаға мұң шаққан ұлы мұзарт Мұқағали қалай тауып айтқан. Фариза да жалғыз. Жалғыз болғанда қайта тумайтын, қолтаңбасы қайталанбайтын ерекше, ерен жүйрік.
Ұлттық рух пен намыстың биігіне айналған оның өлеңдері бірнеше буынды тәрбиелеп келеді.
Осындай тұлғаға құрмет – елге көрсетілген құрмет екені сөзсіз. Кеше Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Алматыдағы Алатау ауданында ақын атына көше беру рәсімі өтті. Оған белгілі қаламгерлер, өнер адамдары қатысып, сөз сөйледі. Бұдан соң ақынның рухына бағыштап, Құран оқылып, ас берілді.
Ақын атын ұлықтау кешкісін М.Әуезов атындағы мемлекеттік, академиялық драма театрындағы салтанатпен жалғасты. Кеш үстінде ақынның 80 жылдығына орай қала әкімінің құттықтауы оқылды. Салтанатты концертте ақын өлеңдеріне жазылған әндер орындалып, оған жырдан шашу шашты.