Қайсар. Күрескер. Төзімді

Айналасына тек махаббатпен, сезіммен, құштарлықпен, жақсылықпен, қуанышпен қарайтын мықты әрі әдемі әйел – Меруерт Сүлейменовамен өмір жайлы сұхбаттасқан едік.

– Меруерт, таңды қалай қарсы аласыз? Әр күніңіз қандай жасқы әдеттен басталады дегенім ғой.
– Әр таңымды шүкіршілікпен қарсы аламын. Міндетті түрде таңғы дұға-тілектерді оқимын. Жұмыс күндері таңғы сағат 6.00-де тұрамын. Жұмысқа күнде мерекеге бара жатқандай жиналуды жақсы дағдыларымның біріне айналдырғанмын. Таңертеңгісін Қазақ радиосымен бірге ояну да жақсы әдеттерімнің бірі.
– Неден шаттанып, неден жұбаныш табасыз?
– Жақсы жаннан, жақсы әннен, жақсы көңіл-күйден, әдемі сезімнен, жалпы жақсылық, әдемілік атаулыдан шабыт аламын. Жұбанышты жазудан және қызымнан табамын.
– Қоларбаға отырғанға дейінгі Меруерт пен қазіргі Меруерттің арасындағы айырмашылық қандай?
– Айырмашылық жер мен көктей. Қоларбаға дейінгі Меруерт сұлу, сезімтал, жас сәбидей сенгіш, баладай аңғал еді. Ал қазір әр нәргеге секеммен, сабырмен, сақтықпен қарайтын, әр күнінде кездесетін кедергілер мен қиындықтарды жеңуге машықтанған мықты күрескер Меруертпін…
– Қайсар. Күрескер. Төзімді. Еңбекқор. Бұл сөздердің өміріңіздегі орны қандай?
– Бұлар – өмірімнің кейінгі жиырма жылымда маған дәріс берген ұстаздарым секілді. Әрқайсысының маған бергені, берері мол болды. Өмір маған осы қасиеттердің бәрін үйретті. Сондай-ақ, Қайсар, Күрескер, Төзімді, Еңбекқор деген жақсы теңеулер менің екінші есіміме айналғандай.
– Бір ғұлама «Жол үстімен келе жатқан он түрлі жамандықтың тоғызы маған жетем дегенше құлап қалады. Ал жалғыз қиыншылықпен күресуге әлім жетеді» деген екен. Тауыңыз шағылған сәттер көп пе?
– Жоқ деуге де, көп деуге де болмайды. Бірақ болды. Ең алғашқы тауымның шағылған шағы – өмірдің кино емес, күрес екенін түсінген шақ. Тағдыр күтпеген жерден тосын «сый» жасады. Небәрі 22 жасымда өзгеше тағдыр иесі атандым…
– Өмірден түңілмеу үшін адамға бірінші кезекте не (әлде кім) керек?
– Адамға иман, қанағат, сабыр, мейірім және махаббат керек.
– «Nur Otan» партиясындағы жұмысыңыз туралы тарқатсаңыз, бұл қызметте жүргеніңізге қанша жыл болды? Көпке не бердіңіз, көп сізге не берді?
– Бүгінде «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінде кеңесші болып еңбек етемін. Еңбектің арқасында зерігуден, ауру-сырқаудан және мұқтаждықтан арылдым. Партияның тірегі, жүрегі бола білген қоғамдық қабылдау бөлімінде табаны күректей 10 жылдан бері қызмет істеп келемін. Қоғамдық қабылдау бөлімі – аурухананың қабылдау бөлімі секілді. Аурухананың қабылдау бөлімі адамның қансыраған тән жарасын таңып емдейтін болса, партияның қоғамдық қабылдау бөлімі – адамдардың жан-жарасын тыңдап, жазуға, жазылуына ықпал етеді. Кез келген жұмыс секілді бұл жұмыстың да өзіне тән жақсылығы мен жамандығы, қиындығы мен қызығы бар. Көпке қолымнан келгенше, заң аясында көмек беруге тырыстым. Жылағанға – жұбаныш, сүрінгенге сүйеніш болып жүрмін. Соның арқасында атаққа емес, алғысқа бөлендім. Он жыл ішінде тағдыры талқан болған, жарық күнде, айлы түнде адасқан талай жанды көрдім. Сабақ алдым.
– Алматыда мүмкіндігі шектеулі қанша жан бар? Олардың қаншасы жұмыс істейді? Қоларбадағы адамдарға жұмыс табу қиын ба? Жалпы, қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасы қандай, бұрынғыдан өзгерді ме?
– Алматыда 43 000 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың 5-10%-ы ғана жұмыспен қамтамасыз етілген. Басым көпшілігі әлеуметтік және қоғамдық жұмыстар секілді уақытша жұмыстармен қамтылғаны болмаса, тұрақты жұмысқа орналасқаны өте аз. Мүгедек адамға жұмыс табу қиын. Адамға мүгедек деп қарайтын аяушылық сезімнен арылуымыз керек.
Адамға балық емес, қармақ беретін кез келді. Өз басым, қоғамның да, адамның да жаман көзқарасын көрген емеспін. Бар нәрсе адамның өзіне, оның күш-жігеріне байланысты. Адам өз бойында барды ғана өзгенің бойынан көреді.
– Елсіз аралға кетер болсаңыз, өзіңізбен бірге қандай кітаптарды ала кетер едіңіз?
– Алина Ермолаеваның – «Бобочка на апельсинивой дольке», Эрнест Хемингуэйдің – «И восходит солнце», Джон Кехоның «Подсознание может всё» секілді оқып бітуге уақыт тапшы болып жүрген кітаптарды ала кетер едім. Бірақ үнемі тәтті қиялымда сол өзіңіз айтқан елсіз аралда ылғи өзім өткен өмірдің өткелдерін жазумен жүремін.
– Осынау өмірде не жақсы, не жаман?
– Не жақсы?
Бұл дүниеде дала жақсы,
Ішінде көп жылқының ала жақсы.
Əрі қарай ғұмырыңды жалғастырар,
Тұяғың. Артыңдағы – бала жақсы.

Қыс болса, өзен жабар мұз да жақсы,
Келтірер астың дəмін тұз да жақсы.
Тіріңде өрісіңді кеңейтетін,
Гүліңдей мəпелеген қыз да жақсы.

Не жақсы?
Бұл дүниеде болған жақсы,
Басыңа бақ-дəулетің қонған жақсы.
Дүние қолдың кірі, бəрінен де
Басың аман, денің сау болған жақсы.

Не жақсы?
Бұл дүниеде арман жақсы,
Шырқатып қоңыр əнге салған жақсы.
Мəңгілік жасайтұғын ешкім де жоқ,
Артыңда бір жылы сөз қалған жақсы.

Не жақсы?
Бұл дүниеде жүрген жақсы,
Құрбыңмен əзілдесіп күлген жақсы.
Туысқан ағайынмен тату болып,
Қайғысыз еркін өмір сүрген жақсы.
Туған жер қабағы мен жары жақсы,
Бірауық мұңайғанда басың сүйер,
Туысқан ағайынның бары жақсы.

Бұл жалғанда не жаман?
Ар сатып тапқан пұл жаман,
Атаның жолын қумаған,
Батасыз өскен ұл жаман.
Қырық үйден тыйылмай,
Қырық жылқы қалың жиылмай,
Шешеден алғыс бұйырмай
Жетесіз өскен қыз жаман.
Мейірімсіз ұл, абыройсыз қыз, кесепат келін, араз болған ағайын, еңбексіз тапқан арам ақша жаман.
– Әкеден не түйдіңіз, анадан не алдыңыз?
– Әкеден – ақыл, анадан – мейірім демекші, бойымда қандай да бір жақсы қасиет болса, әкем мен анамның тәлім-тәрбиесі.
– Қазір ұялы телефон өміріміздің айнымас бір бөлшегі болды ғой, ең жиі телефон соғатын жақыныңыз кім?
– Күніне бірнеше рет қоңырау шалатын – анам, қызым және ең жақын құрбым. Мені үздіксіз іздейтін үш жақыным осылар.
– Досыңыз көп пе? Көптің ішінде отырып жалғызсырайтын сәттеріңіз бола ма?
– Адал дос барлық жерде керек екен,
Өмірде достың орны бөлек екен.
Жақсы дос жадыратса жан дүниеңді,
Жаман достан тек жамандық келеді екен.
Аллаға шүкір, достарым көп, бірақ жанға жалғыз екенімді сезінетін сәттерім де болады.

– Есімі ерекше Саардана қызыңыздың кім болғанын қалайсыз? Оған жиі ақыл айтасыз ба?
– «Қызым, сен тыңда, мен айтайын…». «Анашым, адамгершілік жайында көп айтасыз, адамгершілік деген не?». «Адамгершілік – арзан адамдарда кездеспейтін қымбат құндылық. Ол қымбат құндылық арзан адамдарда болмайды. Сол себепті де, өн бойы құндылыққа толы қымбат қыз болып өс, жарығым!» – деген ақылды көп айтамын.
Менің жанқалтамның аты-жөні – Саардана Айтақын, 11жаста. К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыкалық мектеп- интернаттың 5-сынып оқушысы.

МЫҚТЫ ӘЙЕЛ...
Мықты әйел боламын деп жүріп, көз жасымды ешкімге көрсетпей, ішке жұттым.
Мықты әйел боламын деп күндіз-түні еңбек еттім, аз ұйықтадым.
Мықты әйел боламын деп көп нәрседен өзімді-өзім шектедім.
Мықты әйел боламын деп ешқашан артқа шегінбедім, тек алға ұмтылдым.
Мықты әйел боламын деп мойныма ерлерден де екі есе көп салмақ арттым.
Мықты әйел боламын деп өзім іштей жылап тұрсам та, жылағанды жұбаттым, көз жасын сүрттім.
Мықты әйел боламын деп перзентім үшін басымды тауға да, тасқа да ұрдым.
Мықты әйел боламын деп жалғыз өзім жаңа үйдің іргетасын көтердім, ішін мейірім мен жылылыққа толтырдым.
Мықты әйел боламын деп дұшпанды да кешірдім, ізгіліктің кемесінде жүзуге асықтым.
Мықты әйел боламын деп жұрттың көңілін көп тауып, өз көңілімді…
Саарданам үшін дәл осындай мықты әйелге айналдым.
Алдыменен –жақсы адам, сосын мықты маман болғанын қалаймын. Арлы бол, ақылды бол, атаңа нәлет келтірме, анасы жаман дегізбе деген ақылды жиі айтамын.
– Арманыңызбен бөліссеңіз?
– Оңнан-солдан, көктен-жерден, алдыдан-арттан келген апаттан сақтап, үйіме, отбасыма, қызыма аман оралуды, отымның басына келгенде үйімнің берекесін ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет! Мерекеңізбен!

Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *