«Қайрат» – қаржыдан бұрын жанкүйерге мұқтаж

Жандос БАЙДIЛДА

Аладоп аламанында Алматының намысын жарты ғасырдан берi қорғап келе жатқан «Қайрат» футбол командасының өткенiне үңiлер болсақ, жанкүйерсiз болмағанын аңғарасыз. Тiптi, бiр футболшысының өзiнде мыңдаған жанкүйер болғаны белгiлi. Әлi күнге шейiн Сейiлдә Байшақовты, Тимур Сегiзбаевты, Құралбек Ордабаевты құрметтемейтiн қазақ жоқ. Бiрақ, бүгiнде «Қайрат» жанкүйерлер тарапынан дағдарысқа ұшырап, ең үлкен демеушiсi мен жебеушiсiнен айрылып қалғанын бажайлап жүрсiз бе?! Дәл қазiр «Қайраттың» бiрде-бiр ойынын жiбермей көретiн шынайы жанкүйер жоқтың қасы. Сенбесеңiз, «Қайраттың» ойынына барып көрiңiз. Таздың шашындай әр жерде селдiреген жанкүйерлердiң дауыстары әлсiн-әлсiн ғана естiледi. Қысқасы, жұлынып тұрған жанкүйер жоқ. Қайырмасы «Қайрат – Чемпион!» деген жолдардан тұратын команданың ресми әнұраны да жүрекпен айтылмағалы бiрталай уақыт өттi.

«Қайраттың» қанжығасы майланбағалы, үлкен жүлделерден қағылып келе жатқанына он жылдан асты. Жыл санап алға жылжудың орнына ойыны қойыртпақтанып, қатпарлы тарихына көлеңке түсiп, шартарапты мойындатқан атын шаң басты. Жанкүйерлерiнiң де iзiм-ғайым жоғалып кетуi сондықтан. Оның үстiне, ел бiрiншiлiгiнде жаңа командалардың бой көтеруi жанкүйер талғамын да өзгерттi. Өткен жылы «Қайрат» командасы «Ақтөбенi» өз алаңында қабылдаған кезде алматылықтардың денi «Ақтөбеге» болысатынын байқаған болатынбыз. Бұл – «Қайраттың» басынан бақ тая бастады деген дабыл.

Маусымалды кездесудiң алдында «Қайраттың» нөмiр бiрiншi жанкүйерi саналатын қала басшысы Ахметжан Есiмов «Маған жолданатын хаттардың денi «Қайраттың» жанкүйерлерiнен» деген болатын. Әрине, олардың барлығы «Қайраттың» қаржылық дағдарысты басынан өткерiп жатқандығын басты назарға алады. Бiрақ, қала басшылығы тарапынан қолдан келгеннiң барлығы жасалынып жатыр. Қала әкiмдiгi «Қайрат» командасы үшiн 2011 жылға 700 млн. теңге көлемiнде қаржы бөлiп отыр. Ал, команданың бас демеушiсi «ҚасРосГаз» ЖШС  қайырымдылық көмек ретiнде 299 млн. теңге қаржы бөлiп, жағдайын едәуiр жақсартып тастады. Тiптi, өткен жылдармен салыстырғанда бiрнеше есе жоғары қаржы бердi. Демек, қаржыдан көрген қиындық артта қалды дегенмен, команда әлi күнге дейiн жанкүйерге мұқтаж.

Қайраттың жiгерiн жаншып, рухын көтеретiн, қиындықта демеу болатын жанкүйерлердiң клубы да жан-тәнiмен көмек көрсетуге ынтасыз. Өйткенi, олар үшiн ортаңқол командаға бар қуатын жұмсау тиiмсiздеу. Мысалы, осыдан бiрер жыл бұрын «Кайрат Ультрас» деп аталатын фанклуб мүшелерi «Қайраттың» барлық кездесулерiне тегiн кiрiп, ойынды өз көзiмен тамашалайтын. Қазiр де сол үрдiс жалғасын табуда. Бiрақ, «Қайрат» үшiн алғашқы болып құрылған «South Cross», немесе олардың iзiн жалғастырған «Оңтүстiк Барыс» секiлдi қызуқанды жанкүйерлерден құралған топтар жоқ. Демек, «Қайрат» үшiн таяу арада табыстың да болмайтындығын ойланған жөн. Қай футболшы болмасын жанкүйердi жерге қаратпау үшiн, бар мақсатына солардың көздерiнен оқу арқылы табысқа кенеледi. Демек, футболды да жасайтын – жанкүйерлер.

Алматының сыңарындай саналатын апорт «ажал» құшқанмен, әзiрге қолында «Қайраты» бар. Мiне, қаламыздың осындай брендтерiн сақтап қалу үшiн сiз бен бiз бүгiннен бастап жанкүйер болуымыз қажет. Сонда ғана құндылығымыздан көз жазып қалмаймыз…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *