Аида Балаева: Келер жылғы Құрбан айтты дәстүрлі жағдайда қарсы алуды бұйыртсын!

Аида Балаева: Келер жылғы Құрбан айтты дәстүрлі жағдайда қарсы алуды бұйыртсын!
Сурет: Gov.kz

Мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтпен құттықтаған министр ханым әлеуметтік желідегі парақшасына осылай деп жазды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақ елін Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Баршаңызды келіп жеткен Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын.
Құрбан айт – дүйім мұсылман әлемі жұмыла тойлайтын ұлық мереке. Бұл - құрбандық шалу арқылы дұға оқып, имандылыққа шақыратын, мұқтаж жандарға қол ұшын беру арқылы қайырымдылыққа үндейтін ізгілікті амал. Тәуелсіздіктің арқасында халықпен қайта қауышқан мейрам осы 30 жыл ішінде елді рухани татулық пен берекеге біріктіретін дәстүріміздің ажырамас бөлігіне айналды.

Өкінішке орай, биыл да Құрбан айт екінші жыл қатарынан пандемияға байланысты карантин талаптары жағдайында келіп тұр. Ең бастысы, жасаған амалдарыңыз, шалған құрбандарыңыз, оқыған дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Келер жылғы Құрбан айтты дәстүрлі жағдайда қарсы алуды бұйыртсын деп тілейік және ол үшін қауіпті індетті жеңу жолында сақтық шараларына бағынып, төзімділік танытайық. Көпұлтты халқымыздың бірлігі нығайып, ынтымағы арта берсін!

Құрбан айт құтты болсын!» - делінген Аида Балаеваның фейсбук парақшасындағы құттықтауында.