Ахаңнан қалған жалғыз үй мемлекет меншігіне өтуі керек

Бүгін — ұлт ұстазының туған күні
Бүгін — ұлт ұстазы Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Таяуда ғана, нақты айтсақ, «Алматы ақшамы» газетінің 2019 жылғы 27 шілдедегі №90 (5753) санында жарияланған «Алаштың ары Ахмет» атты мақала ойға оралып отыр. Онда Алматы төрінде жайғасқан А.Байтұрсынов мұражай-үйінің тағдыр-талайы жайында сөз болған еді.
«Бүгінде бұл қасиетті шаңырақ аса күтімсіз де, қараусыз да емес. Алайда, ол жекенің, атап айтқанда, Ахаңның інісі Мәшеннің немересі Серік Самыратұлының иелігінде. Десек те, Ахаң бір әулеттің ғана Ахаңы емес, ол Алаштың Ахметі ғой. Сондықтан бұл мұражай-үй халыққа қызмет ететін тағылымды, тарихи орынға айналу керектігі өзінен-өзі түсінікті. Ұлты үшін отқа да, суға да түсіп, ғұмырының соңына дейін мемлекетшіл болған Ахаңның талай ұйқысыз, керек болса, шыбын жанын шүберекке түйген үрейлі күндері өткен үйді мемлекет өз қарауына алып, мемлекеттік мәртебе берілмесе, келешек тағдыры туралы ойлаудың өзі қиын. Бұл ретте оның туған-туыстарымен дұрыс мәмілеге келіп, оның ел, ұлт мүддесі үшін зор маңызы түсіндірілуі керек», — деп, маңызды мәселе көтерілген болатын.
«Қазақстанның қасиетті мекендері» тізіміне Алматы бойынша енген санаулы құндылықтың біріне айналып отырса да, Ахаң тұрған үйдің болашағына алаңдамауға болмайды.
Мың жасаған шаһарымыздағы М.Әуезовтің музей-үйі, Ғ.Мүсірепов пен С.Мұқановтың музей үйі көпшілікке жақсы белгілі. Олар өз жұмысын кең аяда жақсы жалғастырып келе жатқан орталықтарға айналғалы қашан. Мұның аржағында, шынын айтсақ, олардың мемлекет қамқорлығына алынғандығының лебі байқалады. Әрине, бұл жерде А.Байтұрсынов мұражай-үйінің жұмыстары тұралап тұр деген әңгіме айту ойымызда жоқ. Бұл үйде өтіп жатқан игі шаралар туралы газетімізде жиі жазылып келеді. Мәселе осы мұражай-үйдің болашағы туралы болып тұр. Айналасындағы қоршаулар алынып, көпшіліктің ертелі-кеш ары-бері еркін өте беретін аяқасты жеріне айналып бара жатқаны алаңдатады. Газетімізде жазылғандай, көрген көзде жазық жоқ. Жанынан өткен сайын жаның жабырқайды. Қоршауы алынған көше жақ бетіне жіп тартып қойған. Аула сыпырушының айтуынша, шамдары бір жанып, бір жанбайды. Қысқасы, бұл ұлы Ахаң тұрған үй дейтіндей ешқандай көзтартар ерекшелік байқалмайды. Мұражай-үйдің тарихи маңызын сақтай отырып, қазіргі заманауи талаптарға сай жаңа жоба жасалуы керек. Бұл біздің ұрпақтың арына сын.
«Ақшам-ақпарат».