Агроөнеркәсіп саласында жеке кәсіпкерлер саны азайып жатыр

Агроөнеркәсіп саласында жеке кәсіпкерлер саны азайып жатыр
Сурет: Time.kz

Бұл сектордағы жеке кәсіпкердің үштен бірі Түркістан облысында жұмыс істейді.

Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, республикада ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 255,6 мың жеке кәсіпкер тіркелген, бұл бір жыл бұрынғыдан 0,3%-ға аз, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Еnergyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның ішінде кәсіпкерлердің 94,4%-ы жұмыс істеп тұрған, яғни 241,2 мың кәсіпкер, бұл өткен жылғыдан минус 1%. Ескерту: бұл 2017 жылдан бері агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлер санының бірінші рет азаюы.

Өңірлер бойынша алғанда сектордағы жеке кәсіпкерлердің басым бөлігі Түркістан облысында жұмыс істейді: 78,7 мың жеке кәсіпкер – бір жыл бұрынғыдан 2,9%-ға аз. Үздік үштікке Алматы (45,5 мың жеке кәсіпкер, жылына минус 2,5%) және Жамбыл (24,2 мың жеке кәсіпкер, минус 4,1%) облыстары да кірді.

Елімізде ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді шаралар әзірленуде, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ресурсы. Бұл шаралар ауылдардың бас жоспарларын қалыптастыруды, кәсіпкерлікке оқытуды, жеңілдетілген несиелер мен гранттарды беруді өнімдер мен қызметтерді сатып алуды кепілдендіруді қамтиды.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шағын кәсіпорындар үшін 2021 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыс істейтіндер саны бір жылда 3,6%-ға өсіп, 75,6 мың адамды құрады.

Үздік үштікке Ақмола (13,8 мың адам), Солтүстік Қазақстан (12,7 мың адам) және Қостанай (10,2 мың адам) облыстары кірді.

Бұл салада ең аз жұмыспен қамтылғандар Маңғыстау облысында – небәрі 618 адам.