Әуезов ауданының 67 көшесінде арық желілері салынады

Әуезов ауданының 67 көшесінде арық желілері салынады
Сурет: Egemen.kz

Жауын-шашын мол жауған кезде аудан көшелерін су басу проблемасы аса өзекті болып отыр - қала әкімі

Бұл туралы Алматы әкімі Әуезов  ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Қала әкімінің мәлімдеуінше, аудан бойынша үнемі су басатын 5 аймақ анықталған (Төле би көшесінің қиылысы – Яссауи көшесі, Райымбек даңғылы – Момышұлы көшесі. Райымбек даңғылы – Яссауи көшесі, Абай даңғылы – Алтынсарин даңғылы, Цветочная көшесі).

"Бүгінгі күні төтенше жағдай тарапынан 2 аймақ реттелді (Райымбек даңғылы – Момышұлы көшесі мен Яссауи көшесіне диаметрі 1 метр өткел салу арқылы), қалған 3 аймақ жыл соңына дейін реттелетін болады. Ол үшін жыл соңына дейін Момышұлы көшесінде ені 1 метр және ұзындығы 2,1 км (Жұбанов көшесінен Райымбек даңғылына дейін) жаңа су бұру каналы салынады, сондай-ақ Жұбанов, Қабдолов, Өтеген батыр көшелерінің бойындағы ұзындығы 3,5 км коллектор қалпына келтіріледі", - деп мәлімдеді Е. Досаев.

Сонымен қатар, қала әкімі 2023 жылдың соңына дейін ұзындығы 44 км болатын 67 көшеде арық желілері салынып, қайта жаңғыртылатынын айтып өтті. Жылдың соңына дейін ұзындығы 4 км болатын 5 көшені аяқтау жоспарланып отыр (Ұлықбек көшесі, Марғұлан көшесі, Қабдолов көшесі, Цветочная көшесі, "Ақсай-4" шағынауданына кіретін жол).