Әуедегі ерлік

Әуедегі ерлік

«Ел Самғау» қоры ұшқыштарды «Қазақстан авиациясына 100 жыл» медалімен марапаттады

Ұшақты апаттан аман алып қалған қазақстандық ұшқыштарды Азаматтық авиацияның Ардагерлер Одағы арнайы сыйлықпен марапаттады. Марапаттау рәсімі «Air Astana» авиакомпаниясының ғимаратында өтті. 

Экипаж мүшелері – капитан Вячеслав Аушев, екінші ұшқыштар Бауыржан Қарашолақов пен Сергей Соколов 2018 жылы әуеде қауіпті жағдайға тап болады. Бірақ ұшқыштар аз уақыт ішінде басқару жүйесін қалпына келтіріп, ұшақты сәтті қондырды. Air Astana ұшқыштары былтыр осы ерлігі үшін Хью Гордон-Берге сыйлығын иеленген еді. 

2018 жылдың 11 қарашасында ұшқыштарымыз Лиссабонда (Португалия) бөгде ұйым көрсеткен техникалық қызметтен кейін Embraer E190 ұшағымен базаға қайтару рейсін орындаған. Сол сәтте элерондарды басқару кабель жүйесінің дұрыс орнатылмауына байланысты, ұшқаннан кейін ұшақ басқарылмай қалады. Дегенмен, ұшқыштар мәселені анықтап, бақылауды ішінара қалпына келтіріп, ұшақты Португалияның оңтүстік-шығысындағы Бежа әуе күштерінің базасына қауіпсіз қондыра алды.  

«Air Astana-да 2008 жылдан бері жұмыс істеймін. Ал ұшқыш ретінде қызметімді 2014 жылдың аяғында бастадым. Әуеде 4800-дей сағат ұштым. Әрине, сол күнгі рейс оңай болған жоқ. Басты мақсатымыз – ұшақты аман-есен жерге қондыру болды. Авиацияға келерде кез келген жағдайға дайын болуды үйретеді. Жылына 2 рет емтихан тапсырып, білім жетілдіреміз», –дейді Air Astana әуекомпаниясында екінші ұшқыш Бауыржан ҚАРАШОЛАҚОВ. 

Жиында Қазақстан авиациясы саласы ардагерлерінің «Ел Самғау» қоғамдық қорының мүшелері авиакомпания басшысы Питер Фостерге ұсыныс-тілектерін айтты.

«Бұл қор авиация ардагерлеріне көмектесу мақсатында 2012 жыл құрылды. Шыны керек, 2000 жылға дейін зейнетке шыққан авиация саласындағы ардагерлердің зейнетақысы өте аз. 90 мың, тіпті, одан да аз алатын зейнеткерлер бар. Көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Қордың құрамында тек ұшқыштар ғана емес, инженер-техниктер, диспетчерлер мен бортсеріктер де бар», – деді «Ел Самғау» қоғамдық қорының төрағасы Дмитрий Аббасұлы.