Әуе қорғанысы күштерінің сержанттары кәсіби шеберліктерін жетілдіруде

Әуе қорғанысы күштерінің сержанттары кәсіби шеберліктерін жетілдіруде
Сурет: Gov.kz

Сабақты тәжірибесі мол, білікті мамандар жүргізеді.

Жетіген гарнизонында еліміздің Әуе қорғанысы күштері,  Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің сержанттар құрамы курстық даярлықтан өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Курстық даярлық Әуе қорғанысы күштерінің кіші мамандарын даярлайтын бірегей оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылып отыр. Бұл жерде келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді инженерлік-авиациялық қызмет, ұшуды қамтамасыз ету құралдарын пайдалану және жөндеу, байланыс және радиотехника мамандықтарына оқытады»,- делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Курстық даярлықтың мақсаты – әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттырып, практикалық дағдыларын жетілдіру және дене даярлығын жақсарту.

«Оқу процесі Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің кіші мамандарын даярлайтын екі мектепте 15 мамандық бойынша өткізіледі. Оқу ұзақтығы бір жарым ай», – дейді  қызмет бастығы – оқу-әдістемелік бөлімнің оқытушысы подполковник Самғат Күшқалиев.  

Оқу-жаттығу орталығында жаттықтыру кешендері, зертханалық-оқу сыныптары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің ұшу аппараттары мен техникаларының модельдері бар. Мамандығы бойынша практикалық дағдыларды пысықтауға мүмкіндік беретін тиісті материалдық-техникалық базамен жабдықталған.

Сабақты тәжірибесі мол, білікті мамандар жүргізеді. Осы жылдар ішінде орталық үш мыңнан астам кіші буын мамандарын даярлап шығарды.