Әскери жиындарға биыл 1500 адам шақырылмақ

Әскери жиындарға биыл 1500 адам шақырылмақ
Сурет: Kstnews.kz

Жиындарға шақырылғандарға  бюджет есебінен орташа жалақы төленеді.

Үстіміздегі жылы 1 500 әскери міндетті әскери жиындарға шақырылады. «Ашық НҚА» порталына ҚР Қорғаныс министрлігінің «2022 жылы әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру туралы» бұйрықтың жобасын жарияланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«2022 жылы 1 500 әскери міндетті әскери жиындарға шақырылсын», - деп жазылған бұйрық жобасында.

Бұл бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілмек.

Қазақстанда әскери жиындар әскери оқытылған резервтің құрамын толықтыру және Қазақстанның Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру мақсатымен тұрақты негізде өткізіледі.

Жиындарға запаста тұрған және денсаулық жағдайы бойынша жарамды әскери міндеттілерді ұзақтығы бір айдан аспауға тиіс оқу жиындарынан өтуге шақырады.

Әскери жиындар уақытында әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы әскери бөлімге дейін және кері қарай жол жүру уақытын қоса алғанда сақталады және республикалық бюджет есебінен орташа жалақы төленеді.

Сонымен қатар әскери жиындардан жалтарғаны, сондай-ақ әскери жиындардан өту кезінде әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібіне қарсы құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 5 АЕК (шамамен 15 900 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген.