Әскери ұшқыштар күрделі метеорологиялық жағдайларда шеберлігін шыңдауда

Әскери ұшқыштар күрделі метеорологиялық жағдайларда шеберлігін шыңдауда
Сурет: Gov.kz

Олар арнайы оқу-жаттығуға қатысып жатыр.

Қазақстандағы әскери ұшқыштар қатары кәсіби шеберліктерін арттырып жатыр. Олар арнайы ұйымдастырылған оқу-жаттығуға қатысып жатыр, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

«Ақтөбедегі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының базасында армия авиациясы ұшқыштарының жиыны өтіп жатыр», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жиынның практикалық бөлігі «Хлебодаровка» далалық әуе айлағында ұйымдастырылды. Әскери институттың авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов ұшуды басқарды.

«Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарынан соң әуе айлақ жарық техникалық жабдықтар кешенімен және әуе кемелерін қондырудың радиолокациялық жүйесімен жарақтандырылған. Бұл түнгі уақытта, күрделі метеорологиялық жағдайларда, оның ішінде қар жамылған ландшафта және ауа температурасы төмен кезде ұшуға дайындық шараларын жүргізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті институт бастығы.

Ұшу шеберлігі мен дағдыны арттыруға бағытталған оқу-жаттығу ұшуларын армия авиациясының экипаждары Ми-8МТ көліктік-әскери және Ми-35М жауынгерлік тікұшақтарында орындайды.

Жиын бір ай бойы өтеді. Осы кезеңде 30-дан астам ұшқыш дайындалады. Сынақтар тапсырған ұшу құрамына тиісті «3-сыныпты ұшқыш», «2-сыныпты ұшқыш», «1-сыныпты ұшқыш» және «ұшқыш-мерген» сыныптық біліктіліктері беріледі.