Әскери-Теңіз Күштері Каспийде оқу-жаттығудан өтіп жатыр

Әскери-Теңіз Күштері Каспийде оқу-жаттығудан өтіп жатыр
Сурет: Inform.kz

Оқу-жаттығуға Әскери-Теңіз Күштерінің бас қолбасшысы Сәкен Бекжанов басшылық етуде.

Каспий теңізінің қазақстандық секторында әскери теңізшілер зымыран-артиллериялық корабльдер топтарын жауынгерлік жағдайда қолдану іс-қимылдарын пысықтауда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қарулы Күштерде жауынгерлік оқу шаралары Қазақстан Президентінің армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде өткізілуде. Оқу-жаттығуға Әскери-Теңіз Күштерінің бас қолбасшысы, контр-адмирал Сәкен Бекжанов басшылық жасауда», - делінген министрлік мәліметінде.

Маневрлер барысында экипаждардың дайындық деңгейі жетілдірілуде. Сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторында елдің аумақтық тұтастығын, егемендігін және экономикалық мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындаудағы өзара іс-қимыл тәртібі пысықталып жатыр.

«Оқу-жаттығуда теңізде апатқа ұшыраған кемеге көмек көрсету бойынша экипаждардың құтқару іс-қимылдарына ерекше назар аударылған. Бұдан бөлек, әскери теңізшілер кемелерді диверсияға қарсы қорғау, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар мен шартты қарсыластың катерлеріне қарсы тұру шараларын жүргізу үстінде», - деп нақтылады ведомстводан.