«Әскер барысы – 2023» турнирінің жеңімпазы анықталды

«Әскер барысы – 2023» турнирінің жеңімпазы анықталды
Сурет: Министрлік

Қарулы Күштердің қызметкері Марат Байқамұров жарыстың жеңімпазы атанды

Әскери қызметшілер арасында өткен «Әскер барысы» іріктеу турнирі Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубы – Спорт комитетінің Алматыдағы базасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Сайыста Қарулы Күштердің, Шекара қызметінің, ҰҚК-нің ең мықты деген жиырма балуаны «Әскер барысы» атағы үшін күресті.

– Қазақ күресі – төл спортымыз. Балуандардың күш сынасуы қашаннан халықтық өнердің ажырамас бір бөлігі болып саналған. Бүгін «Әскер барысы» алаңында Қажымұқанның, Балуан Шолақ пен Иманжүсіптің даңқты дәстүрлерін жалғастырушы мықты балуандар жиналды. Спортшылар жарқын, қарқынды күрес көрсете білді. Үздіктер республикалық турнирде Қарулы Күштердің намысын қорғайтын болады, – деді Қорғаныс министрлігі Аппаратының басшысы, полковник Ербол Құмарбекұлы

Орталық спорт клубының спортшысы, Қарулы Күштердің қызметкері Марат Байқамұров жарыстың жеңімпазы атанды. Екінші орынды Орталық спорт клубының тағы бір өкілі, Қарулы Күштердің қызметкері Ғалымжан Қырықбаев иеленді. Ал «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісі, аға сержант Асылжан Қуанышбеков үшінші орын алды.

Осылайша, еліміздің мықты балуандары жиналатын «Қазақстан барысы» турнирінде Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшылары Марат Байқамұров пен Ғалымжан Қырықбаев өнер көрсететін болды.