Әсерилер арасында «Мергендер батальоны» байқауы өтіп жатыр

Әсерилер арасында «Мергендер батальоны» байқауы өтіп жатыр
Сурет: Gov.kz

Нәтижесінде үздік батальон анықталады.

Құрлық әскерлерде үздік батальон анықталып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Қазақстанның Қарулы Күштерінде 28 ақпан мен 19 наурыз аралығында оқ ату даярлығынан «Мергендер батальоны» байқауы өту үстінде.Еліміздің барлық өңіріндегі полигондарда жарысқа мотоатқыштар, танк, десанттық-шабуылдау батальондары, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері қатысып жатыр»,- делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жауынгерлік сайыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында өткізілуде.

«Бөлімшелер оқ ату дағдысынан сайысқа түсіп, шеберліктерін шыңдауда. Батальондар штаттық қарудан және жауынгерлік машиналардың қару-жарағынан күндізгі және түнгі уақыттарда атыс жаттығуларын орындап жатыр. Бұл әскер жеке құрамының дайындық деңгейін, сондай-ақ құрамалар мен бөлімдердегі жауынгерлік даярлықтың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді», – деді Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы – Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Дәулет Оспанов.

Жарысқа қатысушылардың іс-қимылын Бас штаб комиссиясы бағалайтын болады. Сайыс қорытындысы бойынша Құрлық әскерлерінің Үздік батальоны анықталады.