Әріптестеріміз «Қайғылы қаңтар» атты деректі фильм түсірді

Әріптестеріміз «Қайғылы қаңтар» атты деректі фильм түсірді
Cурет: Almaty.tv

Қайғылы қаңтар оқиғасының болғанына бір жылға жуық уақыт өтті. 

Жобаны жүзеге асырушылардың айтуынша, журналистік зерттеу жанрындағы авторлық фильмнің мақсаты - қаңтар оқиғасының хронологиясын егжей-тегжейлі зерттеп, қалпына келтіру

Қайғылы қаңтардың бір жылдығы қарсаңында еліміз үшін ауыр сынақ болған трагедия жайлы журналистік зерттеу жанрындағы бес сериялы деректі фильмнің «Алматы» телеарнасынан бірінші бөлімі көрсетілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty арнасының сайтына сілтеме жасап.  

Фильмде эксклюзивті сұқбат пен белгісіз фактілер ұсыну арқылы қанды оқиғаның сағаттық хронологиясы қалпына келтірілді. Қатысушылар, куәгерлер, жәбірленуші мен сарапшылар пікір білдірген. 

Басында еліміздегі қалаларда бейбіт басталған шеру әртүрлі белсенділер мен блогерлердің арандатқан үндеуінен кейін ушығып кеткен. Олар шерушілерді батыл іс қимыл жасауға – тәртіпсіздікке, полицияға қарсылық көрсетуге итермеледі. 

3 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында алғашқы митингтер өте бастады. Бірақ мегаполистегі жағдай салыстырмалы түрде қалыпты еді. Ертеңінде кешке қарай наразылық акциялары одан ары белең алып, бұрқ ете қалды.  

«Біз алдымен Момышұлы көшесімен, сосын Абай даңғылымен жүріп, алаңға жеттік. Жолда  бірнеше жігіт басқаларды үгіттеп, ойран салуға шақырды. Жан-жақтан адамдар ағылып жатты, бес жақтан келіп жиналды. Бір кезде бір топ адам  шеп құрып тұрған полицейлерді сабай бастады. Соққылап, тепкілей бастады. Ол масқараны көргенде, не боп  кеткенін түсінбей қалдым. Ашуға берілген топ жан-жағын түгел қиратып, автомобильдерді өртей бастады. Біз оларды тоқтатпақ болдық. Бірақ онымыздан ештеңе шықпады. Егер  полицейлерге көмектессең, өзіңді сабауы мүмкін еді»,- деді сол оқиғаға қатысушылардың бірі.

Куәгердің айтуынша, олар алаңға қарай бара жатқанда бір-бірімен рация арқылы сөйлескен қара киімді жігіттерді байқапты.

«Көргенде рацияны қайдан алуы мүмкін, мүмкін, ОМОН-дардан алған шығар деп ойладым. Бірақ өздері алып келуі де мүмкін ғой. Білмеймін. Дене бітімдері шымыр болатын. Дайындалған жігіттер екені көрініп тұр. Ірі денелі. ОМОН-дар үшін жай жігіттер сөз емес. Ал аналар ОМОН-дардың өзін күрестің әдістерімен лақтырып жатты. Олар қолмен соққаны аздай, таспен атқылады. Қолына не түссе, сонымен ұрды. Сосын олардың киімдерін шешіп, өздері киіп алып, алаңда жүрді», - дейді куәгер Берікқазы Әлимұхаметов.

Ресми мәлімет бойынша, бір тәулікте еліміздегі тәртіпсіздікке бірнеше мың адам қатысқан. Олардың ішінде арандап, заңсыз үндеуге еріп кеткендер де бар. Ал араңдатушылар осыны пайдаланып, полиция қызметкерлерінің, әскерилердің киімі мен жабдықтарын тартып алған. Арнайы дайындалған араңдатушылар да осы тәсілді қолдануы мүмкін деп есептейді қазақстандық конфликтолог Талғат Қалиев.

«Олардың Алматы қаласындағы қозғалысына карта арқылы көрсеңіз, әр жерге өрт қойып, кәсіби түрде жылжып отырғаны байқалады. Шабуыл жасау тәсілін, ғимараттардың ішкі құрылысына дейін терең зерттеген», – деді Талғат Қалиев.

Фильм авторларының айтуынша, 4 қаңтарда Алматының орталығында бірнеше мың адам жиналған, солардың ішіндегі мақсаты басқа, Үкіметке әлеуметтік және экономикалық талап білдірушілерден өзге адамдар шабуыл жасап, әкімдікті басып алуды көздеді.

«Қазақстандағы наразылықты өз мүддесіне пайдаланған саяси күштер болды. Тек Тоқаев пен оның айналасының ұстамдылығы мен дұрыс іс-қимылының, күш-қайратының арқасында ғана жағдайды бақылауда ұстау мүмкін болды. Саяси күштер  жағдайды тұрақсыздандырып, өз қолына алуды көздеді», - деп түйіндеді Израильдің белгілі саяси технологы Давид Эйдельман.

Екінші серияның тұсаукесері «Алматы» телеарнасында келесі бейсенбіде көрсетіледі