Әлімжеттік пе әлде әдепсіздік пе?

Әлімжеттік пе әлде әдепсіздік пе?
shymkent.wikimapia.org

«Қазақтелеком» өзіне қатысты кез келген мәселенің түйінін неге өзінен емес, өзгеден іздейді?

«Қазақтелеком» мекемесінің қызмет көрсету жұмысын сынға алған мақалаларымыздан кейін «Alataý Аqparat» ұжымының редакцияларына ұлттық оператордың Алматыдағы бөлімшесіне көңілі толмайтын оқырмандарымыздан шағым хаттардың жаңа легі келіп түсті. Редакцияға шағымданғандардың көпшілігі – өмірде талай көйлек тоздырған құрметті жастағы біздің оқырмандарымыз. Олардың көпшілігі ұлттық байланыс операторының өз қызметтерінің құнын ашық түрде «өсіретінін», сөйте тұра, байланыстың лайықты сапамен қамтамасыз етпейтінін, не өз қызметтерін мүмкіндігінше немқұрайлы жасайтындарын айтады.

Зейнеткерлер «Алматытелекомға» неге наразы?

89 жастағы зейнеткер Аблимит Жаппаров Ұлттық байланыс операторының «кіші баласы» – «Алматытелекоммен» қандай шиеленіскен қарым-қатынаста екенін баяндап берді. Ол редакциямызға «Алматытелеком» басшылығына жазылған мәлімдемені және оған «Бөлшек бизнес бойынша дивизионнан» берілген жауапты көрсетті – «Қазақтелеком»АҚ-ның тағы бір филиалы осылай аталады. «Дивизион» сөзінің өзі милитаристік мағына береді, осыдан-ақ отандық байланыс операторы тұтынушыларымен өз пайдасы үшін қандай да дауға баруға дайын екені және жалпы қандай идеология ұстанатыны көрінетіндей сезім туады.

Аблимит Абдуллаұлы «Алматытелеком» басшылығына жазған хатында оны телефон арқылы компания қызметкері басқа оператордан бас тартуға және «Қазақтелеком» қызметтеріне ауысуға қалай көндіргені туралы баяндайды. Зейнеткер әдепкіде байланыс операторы қызметкерінің арбау-ұсынысына келісіп, алданып қалғанын айтады.

– Мен ай сайын және бірнеше мәрте қызметтерді төлеуге ресми шот жіберулеріңізді сұрап келемін. Оған қарамастан, маған қалалық телефон арқылы төлем сомасын ауызша хабарлау жалғасуда. Мен 89 жастамын, екінші топтағы мүгедекпін, айына бір рет пошта бөлімшесіне коммуналдық төлемдерді төлеу үшін барамын, – делінген зейнеткер мәлімдемесінде.

«Бұл – қаржылық тәртіпті өрескел бұзу»

Ол «Алматытелеком» қызметінің төлемі туралы жазбаны түбіртекке қосуды бірнеше рет сұраған. Зейнеткерге әр жолы уәде беріледі екен, алайда ештеңе өзгермейді.

– Бұл қаржылық тәртіпті өрескел бұзу болса да, төлем сомасын ауызша хабарлау біраз уақытқа жалғасты, – деп шағымданады зейнеткер.

2022 жылдың ақпан айында құрметті жастағы алматылықтың өтініші орындалады – төлем түбіртегінде «Алматытелеком» бойынша жазба пайда болды. Бірақ... бұл қағазда 450 теңге өсімақы есептелген. Зейнеткер мұны адамды қорлау деп санайды.

– Төлем шотын ұсынбай, тәртіпті бұзған сіз, менің жүйкемді жұқартып, қызметтерді үнемі өшіремін деп қорқытқан да сіз, менің коммуналдық төлемдер туралы түбіртекке ай сайынғы төлем бойынша жазбаны қосу туралы өтінішімді елемеген де сіз. Сонда мен не үшін айыппұл төлеуім керек? – деп Аблимит Жаппаров «Алматытелеком» басшылығына жазған хатында таңданысын білдіреді.

Сапасыз қызмет – жауапсыз қызметкер...

Алматылық ақсақалдың бұл наразылығына тек бір айдан кейін ғана жауап берілген.

– 21 шілде күні маған көптен күткен жауап келді (көшірмесі сақтаулы – редакция). Шынымды айтсам, олар менің өтінішімді қарап, өздеріне де, маған да пайдалы болатын шешім шығарады деп күттім. Бірақ маған берілген бір жапырақ қағазда жауаптың не нөмірі, не күні, тіпті лауазымды адамның қойылған қолы жоқ. Бұл «Қазақтелеком» қызметкерлерінің толық жауапсыздығын көрсетеді. Ұлттық оператордың түсінігінше, егер хабарлама жеткізілмесе, «Қазпошта» кінәлі, сондай-ақ хабарламаның бар-жоғына қарамастан, «Қазақтелеком» қызметіне ақы төлемеген абонент кінәлі. Ал "Қазақтелекомның" өзі «сүттен ақ, судан таза», – дейді зейнеткер.

Аблимит Жаппаров ақпан айында «Алматытелеком» бөлімшесіне барған. Оған байланыс операторының қызметкері түпкілікті есеп айырысу сомасы – 4449,48 теңге болғанын өз қолымен жазып берген. Сонымен қатар, осы сома өтелгенде, оның ешқандай қарызы болмайды деп уәде берген, алайда наурыз айында – 233,47 теңгеге абоненттің қайта қарызы шығады.

– Біз, тоқсан жастағы қарттар мен зейнеткерлер, ұялы телефонды негізінен туыстарымызбен және жедел жәрдем бөлімшесімен сөйлесу үшін қолданамыз. Осымен телефондағы бар қажеттілігіміз аяқталады. Сондықтан «Қазақтелекомның» жауабынан ғана мен 24-тармақ (телекоммуникация қызметтерін көрсету шарты – редакция) бойынша шот не төлем туралы түбіртек ұсынылмаса да, барлық қызметтерге ақы төлеуге міндеттелетінімді білдім. Қазір бұл тармақ «...ешқандай қызмет көрсетілмесе де» деген сөздермен толықса да, таңқалмас едім, – дейді зейнеткер.

Ардагерлер қамқорлық пен қолдауға зәру

Сөз соңында Аблимит Жаппаров редакциямызға тағы бір зейнеткердің оқиғасын айтып берді. Ол кісі мүмкіндігі шектеулі жан болса да, өзі еңбек ардагері. Оған өзін «Қазақтелекомның» қызметкері деп таныстырған бойжеткен хабарласып, ардагердің телефоны басқа байланыс түріне ауыстырылатынын айтып, электр қуаты жоғалған жағдайда, байланыс өшетінін ескерткен. Ардагерге әрдайым медициналық көмек және байланыс қажет болғандықтан, мұндай өзгерістерден бас тартқан. Дегенмен, оны тыңдаған ешкім болған жоқ, оның телефоны... жай ғана өшіп қалған.

Аблимит Жаппаров қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде жолдасына көмектесуге тырысып, «Қазақтелекомға» тынымсыз қоңырау шалады. Бірақ зейнеткерді елеп-ескерген, естіген ешкім болмады. Содан кейін оның телефоны істемей қалды…