Әлихан Смайылов Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустинмен кездесті

Әлихан Смайылов Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустинмен кездесті
Cурет: Inform.kz

Үкімет басшылары түрлі салаларды дамытуды талқылады

Мәскеуде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 
Әлихан Смайылов биылғы барлық негізгі іс-шаралар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай өтіп жатқанын еске салды. 

«ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет басшыларының мерейтойлық отырысы аясында президенттеріміздің жақында өткен кездесуі барысында стратегиялық ынтымақтастықты үдемелі дамыту үшін маңызды бағдарлар белгіленді», - деді ол. 

Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі Ресеймен барлық бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге және нығайтуға ниетті екенін атап өтті. 

«Біздің алдымызда сауда мен инвестицияларды одан әрі нығайту міндеті тұр. Ресей Федерациясы Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Біз өзара тауар айналымының өткен жылдың қорытындысы бойынша үштен бірге өскенін және рекордтық көрсеткіш 24 млрд долларға жеткенін атап өттік. Осы жылы да оң динамика сақталуда - төрт айда тауар айналымы өсіп, 7,2 млрд долларды құрады», - деді Ә.Смайылов.

«Біз достығымызды, Қазақстанмен одақтастығымызды бағалаймыз. Біз басым міндет ретінде, оның ішінде Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді қарастырып отырмыз», - деді Михаил Мишустин. 

«Өңіраралық және инвестициялық ынтымақтастықты белсенді дамытуды ұсынамыз. Жинақталған ресейлік тікелей инвестициялар соңғы 15 жылда 15 млрд долларды құрады. Қосымша мүмкіндіктерді осы жылдың шілде айында Екатеринбургте өтетін Иннопром көрмесі ашады деп ойлаймын. Біз Қазақстанның осы жылы көрменің әріптес елі ретінде қатысатынына өте қуаныштымыз», - деді М.Мишустин.

Кездесу аясында үкімет басшылары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде энергетика, көлік инфрақұрылымы, білім, ғылым, мәдениет және басқа да салалардағы кооперацияны дамытуды талқылайды.