Әлихан Смайылов: Біздің ынтымақтастық өркендеген Орталық Азия құруға ықпал ететініне сенімдімін

Әлихан Смайылов: Біздің ынтымақтастық өркендеген Орталық Азия құруға ықпал ететініне сенімдімін
Сурет: Primeminister.kz

Үкімет басшысы өңірлік ынтымақтастықтың әрқашан Қазақстанның басымдықтарының бірі болғанын атап өтті.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыда өтіп жатқан «COVID-тен тыс жерде – Орталық Азияны әділдік негізінде қалпына келтіру жолында» тақырыбындағы Тұрақты даму мақсаттары бойынша екінші өңірлік саммитте осылай деді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Сондай-ақ Әлихан Смайылов Қазақстанның БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін қолдайтынын, бұған Тұрақты даму мақсаттарының индикаторларын ұлттық стратегиялар мен даму бағдарламаларына енгізу дәлел екенін атап өтті. Елімізге жүктелген міндеттемелерді іске асыру үшін ТДМ жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істейді.

ҚР Премьер-Министрі бүгінде көптеген елдер үшін басты мәселелердің бірі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отырғанын атап өтті.

Осыған орай, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының әлемдік нарықтағы бағаның одан әрі өсуі ықтимал деген болжамын ескере отырып, Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін дамыту және өнімділігін арттыру жөніндегі қадамдарды жандандырады.

«Ілгерілеу мен жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін ұлттық және аймақтық деңгейлерде батыл әрекет ету және тығыз әріптестік қажет. Біздің елдер арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту БҰҰ құрылымдарының белсенді қатысуымен тұрақты және өркендеген Орталық Азия құруға ықпал ететініне сенімдімін», — деді Әлихан Смайылов.