Әлихан Смайылов АХҚО сотының төрағасымен кездесті

Әлихан Смайылов АХҚО сотының төрағасымен кездесті
Cурет: Primeminister.kz

Еуразия аумағында коммерциялық дауларды шешуде АХҚО соты мен ХТО бірінші кезекте таңдап алынады

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) соты мен Халықаралық төрелік орталығы 1 091 істі қарады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың АХҚО Сотының төрағасы Лорд Манспен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде Үкімет басшысы Қазақстанда қаржы секторын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

«АХҚО – инвесторлар үшін қолайлы орта құру, бағалы қағаздар нарығын дамыту және оны халықаралық капитал нарығымен біріктіру арқылы экономикаға инвестиция тартатын орталық», — деді Әлихан Смайлов.

Премьер-Министр АХҚО құрамына кіретін сот пен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) инвесторлар сенімін нығайтуда, құқық дауларын шешу кезінде бейтараптылыққа кепіл беруде маңызды рөл атқаратынын айтты.

Өз кезегінде Лорд Манс атап өткендей, Еуразия аумағында коммерциялық дауларды шешуде АХҚО соты мен ХТО бірінші кезекте таңдап алынады.

«Біз бүкіл әлемде құрметке ие заң үстемдігін, сот төрелігін және жалпы құқықты белсенді түрде ілгерілете отырып, Қазақстанда инвестициялық климатты дамытуға елеулі үлес қосамыз», — деді Лорд Манс.

Бүгінге дейін АХҚО соты және ХТО 1 091 істі қарады, оның ішінде 36 сот шешімі шығарылып, сайтта жарияланды. Сондай-ақ 1 055 төрелік және медиативтік іс ХТО-да қаралды.

Кездесу барысында тараптар АХҚО сотының қазіргі қызметі мен алдағы жоспарларын талқылады.

Айта кетейік, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап АХҚО-да дауларды шешу жөніндегі тәуелсіз орган – АХҚО соты жұмыс істейді. Ол ерекше мәртебеге ие және ҚР сот жүйесіне кірмейді.

Соттың іс жүргізу ережелері ағылшын жалпы құқығының нормалары мен қағидаттарына, сондай-ақ үздік халықаралық тәжірибеге негізделген.

Бүгінгі таңда АХҚО сотында 27 елден 358 заңгер ұсынылған. Оның ішінде қазақстандық заңгерлер де бар.

2019 жылдың басында ejustice дауларды шешу онлайн-жүйесі іске қосылды. Ол тараптарға АХҚО және ХТО Сотына әлемнің кез келген нүктесінен электрондық түрде талап қоюға мүмкіндік береді.