Әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін қалай алуға болады?

Әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін қалай алуға болады?
inform.kz

Әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау реестріндегі кәсіпкерлер тізілімі тоқсан сайын жаңартылып тұрады. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті Кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау басқармасының басшысы Мерей Исаева айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау заң бойынша 2022 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енді. Біздің тізілімге кәсіпкерлер тіркеліп жатыр. Әр тоқсан сайын осы тізілім жаңартылып тұрады. Жергілікті атқарушы органдарда арнайы комиссия құрылған. Олар берілген өтініштерді қарап, министрлікке тапсырады. Одан кейін біз кәсіпкерлерді тізілімге тіркейміз», - деді М.Исаева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол заңнамада алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлікке анықтама берілгенін атап өтті. Бұл тұрғыда тоқсан сайын әр кәсіпкер осы бағытта өзінің өтінішін беруге құқылы.

Өз кезегінде әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров барлық облыс орталығында комиссиялар жасақталғанын, бұл комиссиялар өтініштерді қабылдау мен әлеуметтік кәсіпкер реестрін құрумен айналысатынын жеткізді.

«Ресми мәртебе алу үшін әлеуметтік кәсіпкер тапсыратын құжаттар тізімі бар. Осыдан кейін облыстық әкімдіктер бірыңғай реестрді құру үшін барша мәліметті Ұлттық экономика министрлігіне өткізеді. Бұл рәсімдерден соң әлеуметтік кәсіпкерлер мемлекет тарапынан болатын жеңілдіктерге ие болады», - деді Э. Аскеров.

Айта кетейік, былтыр жазда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды.

Құжат халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жәрдемдесуге, әлеуметтік проблемаларды шешуге кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуын қолдауға және әлеуметтік кәсіпкерлердің тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін нарықта ілгерілетуге бағытталған.

Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша, әлеуметтік кәсіпкерлер халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы өз қызметкерлерін оқытып, біліктілігін арттырса, салық жеңілдіктеріне ие болмақ.

Сондай-ақ, мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және оларға қаржылық, ақпараттық, консультациялық, әдістемелік көмек көрсетуге міндеттеледі.

«Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелерді шешуге, аз қамтылған азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсетуге үнемі көңіл бөледі. Бұл тұрғыда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор. Бұл өзгерістер мен толықтыруларды Сенат депутаттары бастамашылық еткенін және дайындағанын ерекше атап өткен жөн. Отандық заңнамада алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлікке анықтама беріліп отыр», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін осы заң аясында экономикалық өсімді қалпына келтіру және пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау бойынша қосымша шаралар көзделген.

«Заң өңдеу саласындағы жаңа кәсіпорындарға қосылған құн салығын 70 пайызға төмендетуді, өңдеуші өнеркәсіптің жаңа негізгі қорларына қайта инвестицияланған табысты корпоративтік табыс салығынан босатуды көздейді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін арнайы мобильдік қосымшаны пайдалану арқылы арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл жеке кәсіпкерлер қызметінің жекелеген процестерін және олардың салық органдарымен өзара іс-қимылын жеңілдетеді», - деді Сенат төрағасы.