«Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы тегін медициналық көмек алуға болады

«Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы тегін медициналық көмек алуға болады
Сурет: Inform.kz

«Әлеуметтік әмиян» жобасы қалай жұмыс істейді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин «Әлеуметтік әмиян» жобасы қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Әлеуметтік әмиян» тек ақшалай қолдау шараларын ғана қарастырмайды. Ақшалай емес шаралар да болады. Мысалы, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында дәрігерге барсаңыз, сізге әлеуметтік әмияныңызда рецепт сатып алуға ваучер бар екені туралы хабарлама келеді. Сондай-ақ, балаңыздың мектепте тамақтануы үшін ваучер – үзбелі талон болады. Осы шаралардың барлығы іске асырылды, қазір пилоттық режимде қолданыста және 1 қаңтардан бастап әлеуметтік әмиянға көшеміз», - деді Серік Жұманғарин Қостанай облысының жұртшылығымен және бизнес-қоғамдастығымен кездесуде.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары азық-түлік бағасының өсуін бақылауды жалғастыруға уәде берді.

«Бағаның өсуін бақылауды жалғастырамыз, өйткені келесі жылы инфляция бойынша мүлдем басқа параметрлер тұр. Бірақ, өндірушілерді қатаң реттеуден бас тартуды шештік, өйткені өндірушілердің дамуынсыз біз ешқашан импорт өнімдеріне тәуелділіктен арыла алмаймыз. Бұл ретте, әзірге ақша аударымдары банк карталарыңызға – сізде бар карталарға жүргізіледі. Монетарлық қолдау шаралары банк картасына түседі, монетарлық емес шаралар – әлеуметтік әмиянда болады», - деп түйіндеді министр.