Әлемнің ең ірі баспагерлері Алматыда бас қосты

Әлемнің ең ірі баспагерлері Алматыда бас қосты
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі өтті. 

Мегаполисте үш күн қатарынан «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығында оныншы рет «Ұлы Жібек жолымен–2022» халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Аталмыш шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Атакент-Экспо» Халықаралық көрме компаниясы мен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Қазақстанның баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. 

«Бұл көрме қаламызда 10 жыл қатарынан өтіп келе жатыр. Соңғы 2-3 жылда пандемияға байланысты тоқтап қалған еді. Міне, енді қайта қолға алып жатырмыз. Алдағы уақытта жыл сайын өткіземіз деген жоспарымыз бар. Көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен мықты-мықты баспалар келіп, өздерінің жұмыстарын таныстырып жатыр. Қазақстандық көптеген баспагерлер де кітаптарын көрмеге қойып жатыр. Сондай-ақ, шетелдік баспагерлермен танысып, тәжірибе алмасып отырған жайымыз бар. Әр ел өздерінің жазушыларының шығармаларын, ұлтық дүниетанымнан хабар беретін шығармаларын оқырман назарына ұсынуда. Бағдарлама аясында жазушылар мен баспагерлер өз ой-толғаныстарын ортаға салып, жастармен қызықты әңгіме өрбуде. Үздік баспагерлер анықталып, оларға бағалы сыйлықтар да табысталды», – дейді ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов. 

Көрмеде Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің жетекші баспалары, полиграфиялық компаниялары мен кітапханалары, сондай-ақ, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының мәдени өкілдері қатысты. 

«Қазақстанда үш күн қатарынан кітап тойы болды. Алыс-жақын елдердің барлығы шақырылды. Оның ішінде қырғыз ағайындар, біз де бармыз. Жәрмеңкеге ең үздік 50 баспагерлердің 500-ге жуық кітаптарын ала келдік. Оның бірқатары – Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармалары. Сондай-ақ, Қырғызстанның тарихы, салт-дәстүрі жайлы жазылған кітаптар да бар. Кішкентай балаларға арналған кітаптар да қойылып жатыр. Қазір қарап отырсам, жәрмеңке өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұндай жәрмеңкелер көп болса, ынтымақтастығымыз, бірлігіміз де арта беретіні сөзсіз», – дейді Қырғызстан мемлекеттік Кітап палатасының директоры Койчуман Момункулов.        

Аталмыш іс-шарада ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының 85 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Bookfund.kz кітаптардың ақпараттық-анықтамалық жүйесінің таныстырылымы өтті. «Нарықтағы кітап ісі: бүгін мен болашақ» атты еліміздің барлық өңірінен келген баспагерлердің кездесуі болды. Бұдан бөлек, «Кітап ісі нарығында шетелдік баспа мекемелерімен тәжірибе алмасу» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.       

«Біздің баспа «Ұлы Жібек жолы» көрмесі басталғалы 10 жыл қатарынан қала келбетін айшықтайтын кітаптар мен ақын-жазушылардың шығармаларын ұсынып келеді. Кітапқа қызығушылық танытып жатқан жастарымызды көріп, қуанып отырмыз. Осы көрмеге «Менің Қазақстаным!» сериясы бойынша "Қазақтың салт-дәстүрлері", "Құрақ көрпе", "Шаңырақ" деген кітаптарды алып келдік. «Алматы кітап» баспасы көбіне шетелдік туристерге кәде-сый ретінде арналған кітаптарды ұсынады. Сондай-ақ, биыл Балалар жылы деп жариялағанына байланысты бүлдіршіндерге арналған базарлығымыз да бар», – дейді «Алматыкітап» баспасының қызметкері Гүлмарал Қабдолшаева.        

Сондай-ақ, жәрмеңкеде белгілі қаламгерлермен және жас авторлармен кездесулер, жаңадан шыққан кітаптардың таныстырылымы, түрлі концерттік қойылымдар мен жыр кештері ұйымдастырылады. Балалар жылы аясында жеткіншектердің шығармашылығын қолдауға арналған әдеби ойындар мен жұмбақтар, өлең оқу және т.б. балалар бағдарламасы әзірленді. 

Сонымен қатар, көрме аясында 2020–2022 жылдар аралығында жарыққа шыққан кітаптар арасындағы байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Бұл байқау алты номинация бойынша, яғни  «Жыл кітабы», «Үздік көркем басылым», «Үздік оқулық», «Балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік көркем және танымдық басылым», «Үздік фотоальбом», «Үздік полиграфиялық орындау» номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталады.