Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық аяқталды

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық аяқталды
Сурет: Abai.kz

14-15 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық кезеңі толығымен аяқталып, бағдарламасы мен баяндамашылардың құрамы жасақталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Съездің негізгі тақырыбы: «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі».

Съезге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Жаңартылған мәліметтерге сәйкес, іс-шараға әлемнің 60 елінен 100-ден астам делегация қатысады.

Жалпы Съезд маңызды қатысушылар құрамын жинайды. Олардың қатарында Рим Папасы Франциск, әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб, Израильдің Бас Ашкенази раввині Давид Лау, Израильдің Бас Сефарсд раввині Ицхак Йосеф, Иерусалим православие шіркеуінің патриархы Феовил III және басқа да діни көшбасшылар бар.

«VII Съез аясында ислам, христиан діні (барлық үш бағыт – православие, католицизм, протестантизм), буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм рухани көшбасшыларының қатысуы күтілуде. Осы жылы Съезд жұмысына алғаш рет Үндістанның ежелгі діні, джайнизм өкілдері қатысады.

Шара барысында конфессияларды білдіретін діни көшбасшылар, соның ішінде бұрын қарым-қатынастың күрделі тарихы барлар бір үстелге жиналады. Осылайша, діни лидерлер ізгі ниеттің, кез келген айырмашылықты еңсеруге дайын болудың үлгісін көрсетеді. Бұл съездің басты миссиясы», - деді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің ресми өкілі Назым Жанғазинова.

Назым Жанғазинова айтқандай, БҰҰ басшылары, сондай-ақ беделді халықаралық ұйымдар басшыларының Съездің жұмысына қатысудың маңызы зор. Мәселен, Съезд делегаттарының арасында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Бас хатшысы Хусейн Ибрахим Таха, Ислам білім беру, ғылыми және мәдени ұйымының (ИСЕСКО) бас директоры Салим бин Мұхаммед әл-Мәлік, Парламентаралық одақ төрағасы Дуарте Пашеку, БҰҰ Бас хатшысының Өркениет альянсы жөніндегі Жоғарғы өкілі Мигель Моратинос және т.б. бар.