Әлемдегі ең беделді математикалық олимпиадада қазақстандық оқушылардың бәрі жүлдегер атанды

Әлемдегі ең беделді математикалық олимпиадада қазақстандық оқушылардың бәрі жүлдегер атанды
Сурет: Inform.kz

Математикадан IMO-2022 халықаралық олимпиадасында Қазақстан оқушыларының бәрі жүлдегер атанды.

Бұл жайында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Оқушыларымыз математикадан IMO-2022 халықаралық олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті. Ұлттық құрамамыз 174 ұпай жинады. Бұл - еліміздің осы олимпиадаға қатысу тарихындағы рекордтық көрсеткіші. IMO - әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі. Президенттің тапсырмасы бойынша дәл осындай олимпиадаларда жүлде алған оқушылар мен олардың педагог-тәлімгерлеріне төлемдер белгілеп, оқушыларға ҰБТ-ны тапсырмай-ақ еліміздің ЖОО-ларына түсуге болатындай жағдай жасағанымызды атап өткім келеді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, олимпиадаға қатысқан 6 оқушының барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Олар 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Күміс медаль иегерлері: Таир Сатубалдин, Фетуллах Сам, Мирон Юркевич; қола медаль алғандар: Әділет Зауытхан, Әділет Әбу, Юрий Тен.

«Зияткерлік сайысқа 104 елден барлығы 589 оқушы қатысты. Оның ішінде Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Канада және тағы басқа елдер бар. Сонымен қатар оқушыларымыз әлемдік есепте 17-орынға тұрақтады. Жүлдегерлерді жеңісімен құттықтаймын!» - деп атап өтеді Асхат Аймағамбетов.