Әкімнен әкім озар...

Әкімнен әкім озар...
Сурет: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Қазақстандағы ең үздік ауыл әкімі кім?

Байқауға жүзге жуық ауылдық округтің әкімі қатысқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Байқау қорытындысы бойынша «Үздік ауыл әкімі» атағы Түркістан облысы, Шардара ауданы, Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітовке берілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының жеңімпаздарымен кездесті.

Екінші орынды Павлодар облысы, Успен ауданы, Новопокровский ауылдық округінің әкімі Вячеслав Симоненко, үшінші орынды Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанов иеленді.

Түрлі номинациялардың арасында Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Аблакет ауылдық округінің әкімі Арыслан Ағланбеков «Үздік шаруа әкімі», Қарағанды ​​облысы, Нұра ауданы, Баршын ауылдық округінің әкімі Гүлмира Добромирова «Үздік әлеуметтік жоба» аталымдарын иеленді.

«Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық ауылдық округ әкімдері қатысуға өтінім берді. Ең белсенділік танытқандар: Қостанай облысының әкімдері – 14, Солтүстік Қазақстан – 12, Жамбыл облысының – 12. Байқау екі кезеңде - облыстық және республикалық деңгейде өтті», - делінген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Агенттік атап өткендей, өңірлік кезеңге қатысушылар ауылдық жерлерде тұрғындардың өмір сүруіне жайлы жағдай жасауға бағытталған жобаларын қорғап, күтілетін экономикалық және әлеуметтік тиімділікпен ауылдарды тұрақты дамыту бойынша ұсыныстар жасады. Екінші кезеңде ауыл әкімдерінің проблемалық жағдайларда практикалық мәселелерді шешу қабілеті ситуациялық кейстер арқылы бағаланды.