ӘЧ: Әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова күміс жүлде алды

ӘЧ: Әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова күміс жүлде алды
Сурет: Ашық дереккөзі

Балуанымыз финалда сүрінді

Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында Жәмила Бақбергенова әйелдер күресінен күміс алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жәмила 72 келі салмақта жартылай финалда румыниялық Александра Ангелді жеңсе, ширек финалда өзбекстандық Светлана Окназарованы қапы қалдырды.
Финалда ол қателікке бой алдырып қойды. Нәтижесінде қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Жәмила Бақбергенова 1996 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген. Ересектер арасында 2021 жылы Норвегия астанасы Осло қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын.
Ол Азия чемпионатында 2020, 2022 жылдарда чемпион атанса, 2021 жылы күміс, 2019 жылы қола алды.

Аталған салмақта үшінші орын румыниялық Александра Ангел мен жапониялық Масако Фуруитиға бұйырды.

Бұған дейін еліміздің әйелдер құрамасынан Светлана Анкичева (50 келі), Жұлдыз Ешімова (53 келі), Марина Седнева (55 келі), Эмма Тисина (57 келі), Диана Каюмова (59 келі), Аяулым Қасымова (62 келі), Елена Шалыгина (65 келі), Мәдина Бақбергенова (68 келі), Гүлмарал Еркебаева (76 келі) сынға түсіп, жарыстың түрлі сатысында қарсыластарына есе жіберіп қойды.

Еске салсақ, бұдан бұрын грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали қола жүлдегер атанды.
Сондай-ақ, еркін күрестен Азамат Дәулетбеков қола жүлдеге таласады.