«АДАМНЫҢ ӨМІРІ МОЙНЫҢДА ТҰРАДЫ»...

«АДАМНЫҢ ӨМІРІ МОЙНЫҢДА ТҰРАДЫ»...
almaty-akshamy.kz

Өрт сөндірушілер «Отан үшін отқа түс күймейсің!» дегенді ойға салады

Бірде «Бүгінгінің батырлары кім?» деген сауалнамаға көзім түсіп, бұл сұрақты өзіме де қойдым. Сонда бірінші ойға келген «өрт сөндірушілер» болды. Себебі, олар - бейбіт заманда күн-түн демей, тілсіз жаумен алысатын жалғыз маман иелері. Жалынның жағасынан алып, қаншама жерді жалмап өтуге мүмкіндік бермейтін бұл батырларымызға тиісті баға берілмейтіндей көрінетін маған. Сөйтіп жүргенде, өмірінің біраз бөлігін тілсіз жаумен күреске арнап, бүгінде жас құтқарушыларды тәрбиелеп жүрген Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Әділбек Қайыркенұлы Жұмабаевпен әңгімелесудің сәті түсті. Ол кісі абыройлы мамандықтың қыр-сырынан сыр шертіп, өз еңбек жолы туралы да сөз қозғады.

Тәрбие тал бесіктен

«Мен көкорай шалғынды Көкшетауданмын», - деп сөзін бастаған ол өзінің 1982 жылы дүниеге келгенін, 1999 жылы Ақмола облысындағы №1 Красноярск орта мектебінде 11 сыныпты бітіргенін айтып берді. Сондай-ақ, бала Әділбектің басты мақсаты офицер болу екенін де жасырған жоқ.

Менің әкем «Госстрах» (Мемлекеттік сақтандыру) басшысы, ал анам мектепте мұғалім болды. Сондықтан мен сабағымды жақсы оқыдым. Үйде 5 бала болдық: төрт ұл және бір қыз. Әкеміз үйдегі ер кіндіктінің бәрі әскери адам болғанын қалады. Соның әсерінен бе, өзім де бала кезден офицер атанғым келді. Сөйтіп, мектеп кезінен спортпен айналыстым. Ал Көкшетауда лейтенант атағын алып шығатын жалғыз институт болатын. Мен әкемнің бағдарымен еш ойланбастан сол жерге оқуға түстім, – деп балалық шағын еске алды батыр.

Ол өзі айтқандай, 1999 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтына (қазіргі М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы) оқуға түсіп, 2003 жылы оны бітірген соң, «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша лейтенант атағын алып шығады.

Академияны аяқтаған соң, әр түлектің үстінен оны қайда бағыттау туралы ұсыныс жазылады. Бізде екі мамандық болды: бірі – инспектор, екіншісі – өрт сөндіру мекемесіндегі қарауыл бастығы. Мен мемлекеттік өрт бақылау мекемесіне инспектор ретінде жіберілдім. Алайда, бұл жұмыста бір айдай істеп, өзімнің өрт сөндіру қызметінде істегім келетінін түсіндім. Мен шынайы өрт сөндіруші болғым келді. Сондықтан өз еркіммен өтініш жазып, Қарағанды облысының «Өрт сөндіруші» бөлімшесіне қарауыл бастығы болып ауыстым. Сол уақыттан бері осы саладан алыстаған емеспін.

Иә, бүгінде талай отқа тайсалмай түскені үшін көптеген медальдармен марапатталған Әділбек ағаның еңбек жолы осылай басталған екен.

Алматыға әкелген арман

Қарағанды облысының өрт сөндіру қызметінде 15 жыл жұмыс істеген ол 2018 жылы Алматыға ауысады.  Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы да мегаполиске келген тәжірибелі маманды құшақ жайып, қуана қарсы алғаны хақ. Себебі, күйбелеңі күнде болатын еліміздің ең ірі шаһарына Әділбек Жұмабаев секілді өз ісін жетік білетін және оны өзінен кейінгі жастарға жеткізе білетін еңбек адамдары керек. Ал Көкшетау тумасы өзін Алматыға әкелген байырғы арман дейді:

Алматы – барлық қазақстандықтар үшін мүмкіндіктер қаласы. Меніңше, оңтүстік астанамыз қай саладан болсын, мейлі ол спорт не білім – әрдайым оқ бойы озық тұрады. Мұнда барлық заманауи құрал-жабдықтар бар. Сондықтан Отаныма осы мекенде қызмет етуге мүмкіндік туғанда мен еш ойланбастан көшіп келдім, – деп, Алматыны айтып ағынан жарылды ол.

Кейіпкеріміз Алатаудың баурайына енді келгенде, қалалық өрт сөндіру қызметінде бөлім бастығының орынбасары болып орналасады. Алайда, бір жыл өтпей, өзі үшін жаңа өңірдің қыр-сырын үйреніп, өз жұмысымен көзге түседі де, алдымен бөлім басшысы, одан соң өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы қызметіне көтеріледі.

Мен басшылық ететін біздің бөлім көптеген қызметтерді қатар атқарады. Нақты айтсақ, бөлімшелер мен гарнизон деңгейінде оқу-жаттығулар мен арнайы жаттығуларды ұйымдастыру, жеке құрамның дайындығына тексеріс жүргізу, техникалық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету және т.б.. Гарнизонда 19 кезекші бөлім және ерекше қорғалатын аумақтарды күзететін 1 бөлім бар, барлығы – 20. Стандарттарға сүйенер болсақ, Алматы сынды алып қалада кемі 35 бөлім болуы керек. Бірақ жұмыстың көптігіне қарамай, біздің жігіттер өз міндеттерін адал атқаруда.

Басты қару – білім

Бүгінде Әділбек Жұмабаевтың негізгі қызметтерінің бірі – жас мамандарды тәрбиелеу. Оның айтуынша, өрт сөндірушілердің басты қаруы – білім. Өрт сөндіру операциясының сәтті аяқталуы тікелей маман біліктілігіне байланысты. Сондықтан ол басшылық қызметінің алғашқы күнінен өз білімі мен тәжірибесін бұл салаға енді аяқ басқан інілерімен бөлісіп келеді.

Әскердегі сарбаздар соғысқа дайындалып, бірақ бүкіл қызмет кезінде бірде-бір рет қару қолданбауы мүмкін. Ал өрт сөндірушілер алғашқы күннен алдыңғы шепте жүреді. Біз қарсы тұрған жауымызбен бітімге келе алмаймыз. Жалын тілді түсінбейді, қателікті кешірмейді. Сондықтан өрт сөндірушілер кез келген жағдайға дайын жүруі керек. Осы мақсатта жас мамандардың біліктілігіне аса мән беремін. Олардың шеберлігін шыңдауға тырысамын, – дейді Ә.Жұмабаев.

Ол әңгіме барысында өрт сөндіру қызметіне келгісі келетін қыз-жігіттерге де ой-тілегін білдірді:

Өрт сөндірушілер 1 күн қарауылға түсіп, 3 күн демалады. Бірақ жұмысқа келген сәттен ол тәуліктің тыныш өтетініне ешкім кепілдік бере алмайды. Дабыл соғылса кезекші бөлім 2 минутта дайындалып шығып кетуі керек. Кейде бір мекенжайдан келе сала, дамылсыз, келесі жерге жүріп кетеді. Ал өрт әр жерде әртүрлі болады. Жалын ешқашан бірдей жайылмайды. Кейде көпқабатты үйдің күмбезіне шығу керек, енді бірде тас қараңғыда жұмыс істеу қажет. Жоғары температураға қарамай, өз міндетіңді мінсіз атқаруға тиіссің. Бұл біздің мамандықтың қиындықтары. Алайда, «өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеймін» деген жандарға ауыр жұмыстан қорықпауға шақырамын. Себебі, төгілген тер әрдайым ақталады. Егер өрттен кейінгі біздің жігіттердің суретін қарасаңыздар, қанша шаршаңқы болса да, бәрінің келбетінен бақыт байқалады. Өрт сөндіру қызметінде өз мамандығын мақтан тұтпайтын адам жоқ.

Ішкі тебіреніс

Өзге адамның өмірі өзіңе байланса, кімнің болсын арқасында ауыр жүк сезілері анық. Ал бұл сезімді Төтенше жағдайлар мен Өрт сөндіру қызметінде істейтін құтқарушылар күнделікті сезінеді. Әр дабылдан кейін тиісті нысанға жеткенше ішкі тебіреністе болады.

Менің көп жылдық тәжірибемде байқағаным – әр өрт сөндіруші, оның ішінде өзім де бармын, шақырылған жерге уақытында жетуді уайымдайды. Көлікте отырғанда «тек уақытында үлгерсем екен, тек тағы бір жанды құтқара алсам екен» деген ойда боласың. Өйткені, сенен басқа ешкім жалынға кірмейді. Қиын жағдайда қалған адамның өмірі сенің мойныңда, – деп өз мамандығынан сыр шертті Әділбек аға. Сонымен қатар, небір қиын-қыстаудан бірге жүріп, бірге өтетін жеке құрамдағы адамдардың жай ғана әріптес емес, нағыз отбасыға айналатынын айтты. Оның айтуынша, бұл салада жалғыз адам жақсы жетістікке жете алмайды. Тек бірлік барда іс оңға басады.

Тәжірибелі маман бұл ереженің өмірде де орындалатынын білсе керек. Бүгінде өмірлік серігін таба білген ол, жан жарымен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Жұмыстан бос уақытта отбасымен уақыт өткізіп, тауға шыққанды, гитара тартқанды ұнатады.

P.S. Алматының нағыз алыптары – өрт сөндірушілер. Абыройлы міндетті адал атқаратын бұл мамандарға әрқашан да алғысымызды білдіреміз.