Адамның аты-жөнін ауыстырудың жолы қандай?

Адамның аты-жөнін ауыстырудың жолы қандай?
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда адамның аты-жөні мен тегін қалай өзгертуге болатыны айтылды.

Туғанынан қойылған атын, тегін, тіпті әкесінің атын ұнатпайтын қала тұрғындары кездесіп жатады, оның себептері де әртүрлі. Мұндай жағдайда әділет органдары оларға аты-жөндерін ауыстыру қызметін ұсына алады. Жақында бұл қызметте өзгерістер болды, ол туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық әділет департаментінің өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Берікбол Сәменов Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің баптарына өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға байланысты өзгертуге жататын мәліметтер туу туралы, некені (ерлі-зайыптылықты) қию немесе бұзу туралы тиісті акт жазбаларына атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы қорытындының негізінде енгізілетінін хабарлады. 

 «Сондай-ақ  өзгерістер негізінде атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы акт жазбасы тіркелмегендіктен, куәлік те берілмейді. Яғни тіркеуші органдар атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру жүргізілгенін растау үшін туу туралы, некені қию немесе бұзу туралы тиісті куәлік береді», - деп хабарлады Б.Сәменов.

Азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрлерін тіркеу, қайталама куәліктер мен анықтамалар алу бойынша эксаумақтық қағидат енгізілді. Осыған орай, азаматтардың өзіне ыңғайлы ХҚКО немесе «электронды үкімет» www.egov.kz арқылы мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес өтініш білдіруіне болады. 

Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау басшысының міндетін атқарушы Ләззат Сыдықова атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішті қарауды тіркеуші орган, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес жүргізетінін айтты. 

Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды он алты жасқа толған және атын және (немесе) әкесінің атын, тегін ауыстыруға тілек білдірген адамның жеке өтініші бойынша тіркеуші органдар жүргізеді. 

Сондай-ақ, ол атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудың дәлелді себептерін атады:
      1) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң оғаш естiлуi;
      2) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң айтуға қиындық келтіруі;
      3) егер некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тектерінде қалса немесе некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегеннен кейін жұбайы (зайыбы) тегін басқасына ауыстырса, жұбайымен (зайыбымен) ортақ текте болғысы келген жұбайының (зайыбының) тілегі;
      4) егер неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
      5) бұрынғы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған балаларымен ортақ текте болғысы келуіне байланысты;
      6) жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
      7) жұбайы қайтыс болған жағдайда өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
      8) өтініш беруші таңдаған ата-аналарының бірінің ұлтына (ата-аналарының ұлты әртүрлі болған кезде) сәйкес келетін атты және (немесе) текті алғысы келуі;
      9) құжаттардағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келуі;
      10) егер некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
      11) ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуі;
      12) өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және (немесе) әкесінің атын алғысы келуі;
      13) жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде таңдаған жынысқа сәйкес келетін атты, әкесінің атын, текті алғысы келуі кезінде жүргізіледі.        
      Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініште келесідей мәліметтер қажет:
      1) өтініш берушінің аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі;
      2) таңдаған аты, әкесінің аты, тегі;
      3) атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудың себептері көрсетілуге тиіс.
      Тіркеуші органның атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудан бас тартуына сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
 
Журналистердің сауалына жауап берген Наурызбай аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Диляра Қилыбаева аты-жөнін өзгертуден бас тартуға құжаттар пакетінің толық болмауы негіз болуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, толық аты-жөнін өзгерту өтініші жоғарыда аталған барлық 13 тармаққа сәйкес келуі керек. Ал туу туралы куәлікте қателер болған жағдайда оларды түзетуге болады, бірақ бұл қазірдің өзінде толық аты-жөнін өзгертуге қатысы жоқ басқа қызмет болып саналады.

«Тегін, атын, әкесінің атын өзгерткеннен кейін, өтініш беруші, ең алдымен, жеке куәлігін, төлқұжатын ауыстырып, содан кейін жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін мекемелерге, банктерге жүгінуі қажет. Қажет болған жағдайда неке куәлігін және барлық балалардың туу туралы куәліктерін өзгерту керек. Дипломдарды ауыстырудың қажеті жоқ», - деді Д.Қилыбаева.

Жыл басынан бері 2670 алматылық тегін ауыстыруға өтініш білдірген, көбінесе тегін ұлттық дәстүр бойынша ауыстырып жатады. 

Сирек кездесетін есімдерге қатысты журналистердің сауалдарына жауап берген спикерлер заң азаматтардың қиялына шектеу қоймайтынын, сондықтан ата-аналар балаларына өз таңдауларына қарай ат қоятынын айтты. Биыл арабша қойылған есімдер ерекше танымал. Алматылықтар жаңа туған сәбилеріне Абай, Омар, Ислам, Марк, Мұхаммед, Әли, Алан, Әлтайыр, Хамза, Томирис, Елігай, Зере, Тоғжан, Амелия, Рамина есімдерін жиі қояды. Ал үшемдер арасында Қасым, Жомарт, Кемел атты есімдер де кездесіп жатады. 

Біл белгілісі, әзірге АХАТ органдарына жақында өткен сайлау құрметіне өз балаларын Сайлау деп атауға өтініштер түспеген.