АДАМ САУДАСЫ АЛАҢДАТЫП ТҰР

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен және ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен тығыз ынтымақтастықта Қазақстандағы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым (КХҰ) ұлттық диалог жүргізді. Қатысушылар адам саудасының (әлеуетті) құрбандарын анықтау және адам саудасына байланысты қылмыстар үшін қылмыстық қудалау жөніндегі шаралардың тиімділігін талқылап, сондай-ақ Қазақстанда адам саудасына қарсы күрес жөніндегі күш-жігерді жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірледі.

ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының жаһандық қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік хабының көмегімен 2020-2021 жылдары Қазақстанда зерттеулер жүргізген шақырылған сарапшылар адам саудасына қарсы қолданыстағы шаралардың тиімділігін бағалау бойынша есеп берді. Қатысушылар тәжірибе алмасып, халықаралық тәжірибемен танысты. Сондай-ақ, Қазақстанда адам саудасының төмен анықталуы мен тиімсіз тергеу және қудалауына алып келетін себептер талқыланды. Кейіннен құрбандарды анықтау мен қолданыстағы қылмыстық қудалаудың жүйесін жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозер және Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы миссияларының басшысы Зейнал Гаджиев сөз сөйледі. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, сондай-ақ азаматтық қоғамның, халықаралық ұйымдар мен өкілдіктердің өкілдері қатысты.

«Адам саудасы — ол елді жақсы сипаттамайтын теріс көрсеткіштердің бірі. Қазақстанда мұндай бассыздыққа жол берілмеуі керек. Әйтпесе, әрбір адам мен азамат құқықтары, бостандығы және өмір қауіпсіздігі саласындағы Конституцияның кепілдіктеріне күмән келтірілуі мүмкін», — деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова.

АҚШ Елшісі Мозер мырзаның айтуынша, «адам саудасын жою басшылықтың күшті саяси ерік-жігерін, сондай-ақ халықаралық, аймақтық және жергілікті деңгейлерде тығыз және тұрақты ынтымақтастық пен жұмыс қажет етеді».

Қазақстан — Орталық Азия елдерінің мигранттары қызықтыратын Ресей Федерациясынан кейін танымалдығы бойынша екінші орындағы ел. Тек 2019 жылы елге 6,2 миллион шетелдік азамат келді, оның 5,6 миллионы ТМД елдерінің азаматтары.

«ТМД елдерінен келген мигранттардың көпшілігі Қазақстанмен визасыз режимнің арқасында елге заңды түрде кіреді. Алайда олардың көбі кейін қалып, тіркеусіз бейресми жұмыс істейді. Тұруға немесе жұмысқа рұқсаттары болмағандықтан, бұл адам саудасы мен пайдалануға ықпал етеді», — дейді Зейнал Гаджиев.

ХКҰ мәліметтері бойынша, өз елдерінде көмек сұраған адам саудасының шетелдік құрбандарының саны Қазақстанда анықталған және көмек алған құрбандар санынан кемінде төрт есе көп. 2002-2018 жылдары аралығында Қазақстанда адам саудасынан зардап шеккен 1941 Өзбекстан және 911 Қырғызстан азаматтары бар. Сонымен қатар, 2004-2018 жылдары тек 893 Өзбекстан азаматы мен 72 Қырғызстан азаматы анықталып, Қазақстанның өзінде көмек алды.

COVID-19 жаһандық пандемиясы жұмыспен қамту кепілдігі жоқ еңбекші-мигранттардың осалдығын едәуір арттырды. Олардың қаржылық жағдайы нашарлайды, мәртебесі көбінесе реттелмейді (соның ішінде шекаралардың жабылуына немесе жұмысқа рұқсатты ұзартудың мүмкін еместігіне байланысты), медициналық көмекке қол жетімділіктің болмауынан олардың денсаулығына қауіп төнеді.

Серік ЖҰМАБАЕВ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *