Адал кәсіп – талап етілетін жалғыз қағида

Адал кәсіп – талап етілетін жалғыз қағида
Сурет: Қайрат Қоныспай

Кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қорғаудың өзекті  мәселелері талқыланды.

Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің орталығында бизнесті қорғау, бизнестегі сыбайлас жемқорлық мәселелеріне арналған брифинг өтті. Жиын барысында бірқатар өзекті мәселе талқыланып, спикерлер журналистердің сұрағына жауап берді.

Қалада экология, бизнес үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымды бизнес объектілеріне жеткізуде жалпы қоғамның барлық саласында жемқорлық белең алған.

Брифингке Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Оразхан, Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Кошмамбетов және БАҚ өкілдері қатысты.

«Қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі бағытының бірі – азаматтардың әлеуметтік
әл-ауқатын жақсарту және халықтың проблемалық мәселелерін шешу.  Осыған дейін өңірлік мәселелерге терең үңіліп, әрбір өңірдің ерекшелігін ескере отырып, агенттік әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қалалар үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Картада ашықтыққа, әкімшілік кедергілердің болуына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешім таба алмайтын өзекті мәселелердің тізімі көрсетілген. Алматы қаласында қала тұрғындарын толғандыратын 6 негізгі сала анықталды. Олар - құрылыс және тұрғын үй саласындағы сапасыз құрылыс, әлеуметтік тұрғын үй бөлу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, шет аймақтарды дамыту, экология, атап айтқанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін пайдалану, су қорғау аймақтарының маңында құрылыс салу, ауаның ластануы, экономика және қаржы. Аймақтың экономикалық дамуына бағытталған қаражатты пайдалану ерекше назар аударуды талап етеді. Фискалдық сала, атап айтқанда, кеден, контрабанда, салықтардың түспеуі. Жер. Азаматтар қаланың нүктелік құрылысына, жердің заңсыз бөлінуіне наразы. Әлеуметтік сала. Мұнда білім мен денсаулық сақтау салаларын атап өтуге болады.

Шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіргендердің барлығы заңға сәйкес қатаң жазаға тартылады. Кәсіпкерлерден тек адал кәсіп жүргізуін сұраймыз!» - деді Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Оразхан.  

Айта кететін жәйт, Алматыда 250 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік тіркелген. Қала шағын және орта кәсіпкерлік өнімдерін өндіру көлемі бойынша көш бастап тұрғанына қарамастан, мұнда бизнесті дамытуда кедергілер жоқ емес. Кәсіпкерлер кездесетін негізгі мәселе – рұқсат беру құжаттарын алу, салық салу және салықтық тексерулер, көші-қон мәселелері  және т.б.

Қалада «Кәсіпкерлер күні» өткізілетін болады

Алматының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ведомство қызметкерлері, шағын және орта бизнес, кәсіптік бизнес-қауымдастықтар және «Атамекен» ӨКП өкілдері қатарынан мобильді топ құрды. Бұл туралы бизнесті қорғау мәселелеріне арналған брифинг барысында айтылды.

 «Мобильді топ құрудың негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған бірлескен және келісілген іс-қимылдарды әзірлеу және іске асыру. Біз бизнестегі өзекті мәселелерді тез арада шешуге атсалысатын боламыз», - деп атап өтті Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Оразхан.

Осы бағыттағы тағы бір жағымды жаңалықтардың бірі - ай сайын қаланың бизнес-қауымдастықтарының алаңдарында «Кәсіпкерлер күнін» өткізу жоспарлануда.

«Қоғамдық қауымдастық ретінде өз тарапымыздан осы бастамаларды қолдадық. Себебі бизнес мұндай әкімшілік кедергілерді қалай жою керектігін және кейін өкінбеу үшін қайда жүгіну керектігін білмей, қорқып жатады. Ал аталған алаңдарда кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда, өйткені мұнда олардың мәселелерін заң аясында шешуге дайын», - деп Қазақстан Кәсіпкерлер форумының атқарушы директоры Мунавара Палташева өз ойын білдірді.

Брифинг қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кәсіпкерлерді «Е-өтініш» порталы, 1424 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің call-орталығы немесе Facebook платформасында басшылықтың жеке аккаунтына жазу арқылы кез келген сыбайлас жемқорлық көріністері туралы хабарлауға және шетте қалмауға шақырды.  

Сондай-ақ, ведомство хабарлағандай, «Кәсіпкерлер күнін» өткізу уақыты мен орны әлеуметтік желілерде және Департаменттің ресми парақшасында жарияланатын болады.

Былтыр департамент шағын орта бизнеске араласу фактілері бойынша 24 қылмысты тіркеген

Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің Түрксіб ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Н.Қарабалаев жеке кәсіпкер шотынан қамауды алып тастай отырып, арнайы салық режимін қалдырғаны үшін кәсіпкерден 260 мың теңге сомасында пара алды.  Н. Қарабалаевқа 7.8 миллион теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

Өкінішке қарай, қалада кәсіпкерліктегі жемқорлыққа қатысты мұндай фактілер аз емес.