«Абылай хан тарихы» үш томдығы жарық көрді

«Абылай хан тарихы» үш томдығы жарық көрді
Сурет: Inform.kz

Ғылыми жинақты шығару үшін ғалым 35 жылын арнаған

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Абылай хан тарихы» атты үш томдық ғылыми жинақтың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Туындының авторы - академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, құрметті профессор Зарқын Тайшыбай. Ғалым бұл еңбекті жарыққа шығаруға 35 жылын арнаған. Нәтижесінде ғылыми тұрғыда негізделген, жан-жақты зерттелген бірегей туынды қалың оқырманға жол тартты. Автор XVIII ғасырдың басынан осы күнге дейін жарық көрген орыс, қытай, қазақ, кеңес зерттеушілерінің пікірлері мен тұжырымдарын қайта қарап, жіберілген қателіктерді түзетіп шықты. Кітапқа мыңнан аса құжат енгізілді.

«Зерттеумен айналысу оңай емес. 300 жыл бұрын өтіп кеткен нәрсенің анығына жетуің керек, шындықты бұрмаламай, дәл көрсетуің қажет. Бірнеше құжатты біріне-бірін байланыстырып отырып зерттеу керек. Ол жағынан адалмын деп есептеймін. Сосын бұл кітаптың ішінде Абылайдың тек қана жақсы жақтарын көрсету мақсат болған жоқ. Мен өзімді бейтарап ұстадым, оқымысты, зерттеуші болғаннан кейін. Менің алдымда Абылайға белгілі бір қасиеттерді жамап немесе жақсысын асырып, жаманын жасыру міндеті тұрмады», - дейді Зарқын Тайшыбай.

Абылай ханның өмірі мен қызметіне арналған құжаттар жинағы алғаш рет 2005 жылы Петропавлдағы «Астана» баспасы арқылы Алматыдағы «Атамұра» корпорациясының баспаханасынан 2 мың дана болып басылып шықты. Зарқын Тайшыбайға 2007 жылы «Еліміздің интеллектуалдық әлеуеті» бағдарламасы бойынша «Абылай ханның өмірі мен қызметі» деген тақырыпта 3 жылға мемлекеттік грант берілді.

2009 жылы ғалым Абылай хан бойынша жобасын қорғап, екінші грантты жеңіп алды. Профессор соңғы жылдары республиканың мерзімді баспасөздерінде үш жүзге тарта ғылыми мақала жариялады. Абылай ханның өмірі мен қызметіне байланысты Ресей мемлекеттік архивтерінен тың деректер тапты, оларды ғылыми талаптарға сай саралап, жариялады. Абылайға қатысты аңыз деңгейінде ғана айтылып жүрген кейбір деректер жаңа мағлұматтарға сай түзетілді. Ханның туған, өмірден озған жылдары туралы екі ғасыр бойы жаңсақ айтылып келген мәліметтер де нақтыланды.

«Абылай ханның осы өңірде ордасы болған. Абылай хан аңыз адам. Оның ел тарихындағы рөлі ерекше. Бұл кітапты әр қазақ баласы оқуы керек. Көптеген мағлұмат бар. Жинақты таратып, тиражын көбейту үшін алда жұмыс істейміз», - деді ғылыми еңбектің тұсаукесеріне қатысқан СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.

«Абылай хан тарихы» атты үш томдық кітап әзірге 100 данамен ғана оқырманға жол тартты.