"Абай үйі" әлемнің тағы үш елінде ашылмақ

"Абай үйі" әлемнің тағы үш елінде ашылмақ
Сурет: Qazdauiri.kz

Қазіргі уақытта Abai Uii 5 мемлекетте ресми түрде ашылып, жұмыс істеп жатыр.

Енді 2021 жылдың екінші жартыжылдығында Abai Uii әлемнің тағы үш елінде, атап айтқанда, Моңғолия, Ресей және Қырғызстанда ашу жоспарланған. Бұл туралы 2021 жылғы 12 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен «Шетелде тұратын қандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту туралы» тақырыбындағы брифингке қатысқан «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Брифинг барысында М.Сарбасов шетелде тұратын отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған жобалар туралы және ҚР АҚДМ мен ҚР СІМ қолдауымен іске қосылған Abai Uii мәдени-іскерлік үйлерін дамыту жобасы сәтті жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде айтып берді.

«Қазіргі таңда Abai Uii 5 мемлекетте ресми түрде ашылып, жұмыс істеп жатыр. Енді 2021 жылдың екінші жартыжылдығында Abai Uii әлемнің тағы үш елінде, атап айтқанда, Моңғолия, Ресей және Қырғызстанда ашу жоспарланған. Осы орайда қоғам шетелдегі қандастарды қолдау шараларын барлық этникалық қазақтарға қатысты жүзеге асырып келеді. Қазір әлемде 250-ге жуық қазақ мәдени орталықтары бар. Бүгінде «Отандастар қоры» КЕАҚ мәдени-гуманитарлық шаралар ұйымдастыру мақсатында 71 қазақ мәдени орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды», - деді Мағауия Сарбасов.

Сонымен қатар, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президентінің айтуынша, шетелде тұратын қазақтар үшін қазақ тілін үйрету бойынша 31 онлайн-сынып ашылып, оның аясында 1163 адам оқытылған. Аталмыш курс шеңберінде 333 тегін онлайн-сабақ өткізіліп, 400-ге жуық қандас сертификаттарға ие болды. Ал, 2021 жылы 440 онлайн сабақ өткізіліп, 900 адам өз білімдерін арттырды.

Сондай-ақ қандастардың еліміздегі жоғары оқу орындарға және колледждерге түсуіне мүмкіндіктер жасалғанын атап өткен жөн. Ол туралы шетелдегі отандастарымыз кеңінен хабардар.