Абай - қазақтың шамшырағы

Абай - қазақтың шамшырағы
Сурет: Вonart.kz

Ұлт дарабозы.

Бүгін қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, һәкім Абайдың туған күні. Қазақ жұртының мәдениеті мен өнерінде өшпес із қалдырған тұлға жайында ой толғауды жөн санадық. Сол себепті де ақын мұралары және айтып кеткен өсиетнамаларына қатысты сауалнама жүргізген едік.

Темірлан ТЕМІРХАН, магистрант:

АҚЫН ОЙЛАРЫ - БҮГІНГІ ЖАСТАРҒА БАҒДАР

Ұлы ақынның терең философиялық ойлары әр уақытта біздің жадымызда. Ойшыл үнемі халықтарымызды бірлікке, елдік пен татулыққа үндейді. Әсіресе, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегені қандай терең айтылған пәлсафа десеңізші?! Мұнда әлгінде келтірілген татулықтың, өз ішімізде бірліктің мықты болмағы жөнінде ойлар білдірген. Сонау XIX ғасырда жазылған пайым-парасаты биік ойлар, бүгінге шейін өзінің өзектілігін жоймаған. Қайта уақытпен бірге құнарланып, осы күнгі жастарға шамшырақ болуда.

Расында, көбіміз материалдық құндылыққа қарай бет бұрып кеттік. Сананы тұрмыс билеп жүр. Ол бір жағы заманның ығы шығар. Дегенмен, рухани дүниенің бар екенін әсте естен шығармаған абзал. Әгәрәки, әрбіріміз осы жолда жұмылсақ, тағылымдық-тәрбилік мұраларымыздың қадірін түсіне білсек, нұр үстіне нұр болмақ.

Әлем халықтарының әрқайыссында өзіндік дараланған арда тұлғалары болады. Оларды әспеттейді, жазбаларын көненің көзі ретінде сақтайды. Ал ұрпақтары, артындағы өрендері бойларына сіңіріп, өлеңдері мен философиялық ілімдерін жаттап өседі. Мәселен, шығыстағы көршіміз Қытай Конфуцийдің мұраларын дүниеге паш етуде. Оны дәріптеп, өскелең ұрпақ үшін қандай пайдалы, керек құндылық екенін ұғындырып келеді. Өзбек халқында Әлішер Науаи есімді заңғар ойшыл бар. Оныңда жәдігерлері көздің қарашығындай сақталады. Жастарына дәріптеледі. Онысы дұрыс-ақ!

Ақынның бар ойы - қазақтың өресін биіктету. Көзін ашу. Жетпей жатқан жеріне үн қосу. Елдікке үндеу. Мінекей, осындай қырынан келгенде, Абай өзіне дейінгі ақын, жыршы-жыраулардың заңды жалғастырушысы десек, әсте қателеспейміз. Неге дейсіз ғой? Өйткені ол Майқы би, Ахмет Ясауи, Ахмет Үйегінеки т.б. ілімдарлардың терең пәлсафалық ойларын ұғына алды. Солардың бәрінің нәрін алып, халыққа кең мағынада таныстыра білді. Шығыстың жауһар жырларына терең бойлады. Осылайша, көптің көкейінде жүрген ойларды жеткізді. Әрбірінде хат пен қаламды жанына серік етіп, бүгінгі заманға қалдырды. Меніңше, бүкіл әлем мұраларына көз тіккен тұлғамызды насихаттауды тоқтатпағанымыз жөн. Біз Абаймен мақтанамыз, ардақтаймыз, мәңгі есте сақтаймыз демекпін.

Алмас АРДАҚ, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

АБАЙ РУХАНИЯТ РЕФОРМАТОРЫ

«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» дейді Абай атамыз. Текке айтылмаған тәмсіл. Яғни бұл арада ақын ұстаздық ету жайын айтып тұр. Шынында, мұғалім болып, оқушыларға қазақтың бас ақыны, ойшылы, көсем сөз шебері туралы айту үлкен бақыт. Түсіне білген жан үшін қалың қазақ арасынан осындай алыптың шығуының өзі бір ғанибет. Қазіргі балалар өте дарынды. Шетінен алғыр. Білімге құштар. Ғылым мен техниканы қалай игеретіндеріне таңырқай қарайсыз. Бәлікім, болашақта өзіміздің ақын-жазушыларымыздың жазбаларын әлемге танытар.

Өткен XX ғасырда, кеңес заманы тұсында цензура қатты болды. Белгіленген тақырыпты ғана жазуға рұқсат етілді. Ал ұлттық құндылық, ұлттық таным, ұлттық код деген нәрселерге қалам тербеу мүмкін болмады. Дегенмен оқта-текте айтылып, жазылып жүргендері де болды. Бірақ тұспалдап. Қарап тұрсаңыз, қазақ халқының басындағы қиын, зұлматты жылдар өтті. Сондай жағдаяттарды Абай сезінді, ой елегінен өткізді. Келер ұрпаққа өшпес құндылық ретінде жазып қалдырды.

Әр халық өзінің дараланған перзенттерін ардақтап, әспеттей білгені дұрыс. Сонда барып өркендеу мен кемелдену жолына түспек. Қай жағынан алып қарасаңызда, қазақтың көрмеген зауалы мен азабы жоқ. Бәріне төзді. Бәріне шыдады. Түбі қиындықты, басқа түскен қасіретті қасқайып жеңіп шықты. Сол жағынан қарағанда халқымызға қайран қаламын.

Абай ақын ғана емес, ол – руханият реформаторы. Барша жұртты жаңаша оқып, Еуропаның тілін түсініп, керегін алып, өз кәдемізге жаратуға үндей білген бірегей тұлғамыз. Қай уақытта болса да, біздер үшін мәңгі ұлы ойшыл, ағартушы, ұлт ұстазы болып қалары анық деп ойлаймын.

Қазақ халқы өзінің арда туған ұлдарын әрқашан қадірлей білген. Көкке көтерген. Абай Құнанбайұлы Ахаң, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Қазақтың бас ақыны» болып қала береді.  

Аспан асты елінің ұлы ойшылы әрі ілімдары Лао Цзы «Адамдардың заңы: жақсылық құру және ұрыс, дау-дамайдан аулақ болу» депті. Расында солай. Жоғарыдағы ойларды топтай келгенде осыған саяды. Ұлы халықтан саналы ұрпақ өрбиді. Сондай-ақ солардың ішінен жаһанды таңғалдырған даңқты дарабоз тұлғалар шығады. Абайдай алып дарияның, білімі мен ілімінің шет жағасын ғана шерттік. Оның ойлары мен пайым-парасатының ар жағы теңізге, одан әрі мұхитқа ұласады демекпіз.