Абай Сарқұлов ҚДБ басшысы қызметінен кетті

Абай Сарқұлов ҚДБ басшысы қызметінен кетті
Сурет: Nur.kz

Оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

«Қазақстанның Даму Банкі» акционерлерінің шешімімен Абай Сарқұловтың қызметінен кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Жалғыз акционердің («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) 24.01.2022 жылғы шешімімен Абай Сарқұловтың «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (бұдан әрі – ҚДБ, Банк) Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. 25.01.2022 жылдан бастап ҚДБ басшысының міндетін атқарушы болып бұған дейін Банк Басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Сандуғаш Кенжебаева тағайындалды», - делінген аталмыш банк баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Абай Сарқұлов 1981 жылы 13 тамызда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 2003 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетін «Банк ісі» мамандығы бойынша үздік бітірген.

Абай Сарқұлов Банктегі өзінің еңбек қызметін 2007 жылғы наурызда Инфрақұрылымдық жобаларды кредиттеу басқармасының менеджерінен бастап Басқарма төрағасының орынбасарына дейінгі жолдан өтті. 2017 жылғы ақпан-2019 жылғы сәуір аралығында Абай Сарқұлов «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ атқарушы органын басқарды. Абай Сарқұлов 2019 жылғы сәуірде ҚДБ Басқармасының төрағасы ретінде тағайындалып, бұл лауазымда ол Болат Жәмішевтің орнын ауыстырды.