Абай даңғылы 4,8 шақырымға ұзарады

Абай даңғылы 4,8 шақырымға ұзарады
almaty-akshamy.kz

Абай даңғылы 2021 жылы Момышұлы көшесінен Наурызбай ауданының әкімшілік орталығына дейін ұзаратын болады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі онлайн- таныстырылым барысында магистральды жолдарды үңгілеу жұмыстарының барысы мен қарқыны туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, осындай төрт жоба жүзеге асырылуда. Абай даңғылын Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту 4,8 шақырымды құрайды. Яссауи көшесінен Шұғыла шағынауданындағы Береке көшесіне дейінгі іске асуы тиіс учаскенің ұзындығы 3 шақырым.

Жоба бойынша 6 жолақты жолдың құрылысы қарастырылған, әр бағыт бойынша 3 жолақ, жаяу жүргіншілер тротуарлары, велосипед жолдары болмақ. Сонымен қатар, Әшімов көшесінің қиылысында жолайрық және 4 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу көзделген.

Қазіргі кезде инженерлік желілерді қайта тарту, төрт жаяу жүргіншілер өткелін салу жұмыстары жүруде.

Сонымен бірге, құрылыс салынатын жерлердегі жер учаскелерін сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 182 учаске сатып алынды, қалған 13 учаскені сатып алу пысықталуда. Аталған жер учаскелері уақтылы сатып алынса, онда жұмысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Строительная көшесінен қала шекарасына дейінгі ұзындығы 600 метр болатын учаскедегі жұмысты 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Жолдың қалалық шекарадан БАКАД-қа дейінгі бөлігін Алматы облысының әкімдігі 2023 жылдың соңына дейін де жүзеге асырады. Бұдан өзге, ұзындығы 500 метр болатын Момышұлы көшесінен Яссауи көшесіне дейінгі учаскедегі жұмыс метрополитеннің екінші кезеңіндегі «Достық» бекетінің  құрылысы аясында жүзеге асырылады.

Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін Абай даңғылы Момышұлы көшесінен Наурызбай ауданының әкімшілік орталығына дейін, ал 2023 жылдың соңында БАКАД-тан қала шекарасына дейін ұзаратын болады. 

Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін 3,2 шақырымға ұзарту жоспарланған. Жоба бойынша 6 жолақты жолдың құрылысы, әр бағытта 3 жолақ, жаяу жүргіншілер тротуарлары, велосипед жолдары және жаяу жүргіншілер өткелдері қарастырылған.

Көшенің осы бөлігінің құрылысы жолайрығымен қоса алғанда Алатау ауданының шағынаудандары мен қала маңындағы елді мекендерді қаланың негізгі магистральдарымен байланыстырады және маңызды көлік дәлізін жасайды.

Наурызбай ауданындағы Алатау көшесі көшесі Сабденов көшесінен Райымбек даңғылына дейін созылады, ұзындығы – 2 км. Жоба бойынша 4 жолақты жол қарастырылған. Жұмысты қыркүйек айына дейін толық аяқтау жоспарлануда.

Осы учаске құрылысының аяқталуы Абай даңғылын үңгілеумен бірге Наурызбай ауданынының орталығын қаланың негізгі коммуникацияларымен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Әуезов көшесін солтүстік бағытта Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін үңгілеу қаланы дамытудың Бас жоспарында қарастырылған. Әуезов көшесіндегі осы учаске құрылысы 4 жолақты болады әрі солтүстік-оңтүстік бағытында көлік өткізу қабілетін едәуір арттырады.

Жаңа учаскенің көлік өткізу қабілеті тәулігіне шамамен 36 мың көлікті құрайды, бұл көрші көшелердегі жүктемені едәуір жеңілдетеді.