Ақындар ауылындағы аққулар

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ
Өткен қазан айында Атырау облысының Исатай ауылындағы Хамит Ерғалиев ауылына жолымыз түскен еді. Қазақтың атақты ақыны Хамит Ерғалиевтің кіндік қаны тамған ауылда 4,5 мыңға жуық халық тұратын үлкен елді-мекен екен. Новобогат орта мектебінің алдында ақынға еңселі ескерткіш орнатылыпты. Осы елді-мекеннің екі-үш шақырымдай жерде ақынның кіндік қаны тамған өңірге ескерткіш белгі де қойылған. Оның төңірегінде жатаған үйлердің төмпешік-төмпешік болып қалған орны бір кезде бұл төңіректе қайнаған тіршілік болғанынан хабар береді.
Осы ауылдан шыққан Хамит Ерғалиевтің атасы, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Досжан Қожбанұлының «Шүрегей» деген жердегі зиратына барып, дұға жасадық. Ақын атамыздың басына ертеректе ұрпақтары атынан ұлы Сәлім орнатқан балбал таста Досжан Қожбанұлының 1837—1909 жылдары өмір сүргені жазылған. Кейіннен өмірден өткен Сәлім бастаған ақынның ұрпақтары да осы қорымға жерленген екен. Кезінде туған өңірі ғана емес, жалпы қазаққа белгілі болған Досжан Қожбанұлының зираты тегістеліп, тек көне балбал тас белгі ғана қалған ақынның жатқан жері жергілікті билік орындары тарапынан ескерусіз-елеусіз қалып қойғаны бізді ойға қалдырды. Досжан Қожбанұлы — төкпе ақын, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі болғанын білеміз. Арабша сауатты, өлең, толғауларын көне жыраулар дәстүрімен ауызша шығарып, кейін хатқа түсіріп отырған. Досжанның «Ей, жақсылар, жақсылар», «Даңғалға», «Мұқашқа ұлы Жәмілжанның қазасын естіртуі» атты өлең, толғаулары ел арасына кең тараған. «Ал, ием, ақ сұңкар құс қолыңда» деп басталатын толғауы Қазан қаласындағы университет кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақталған. Бірқатар өлең, толғаулары «ХІХ ғасырдың қазақ поэзиясы» (Алматы, 1985 жыл) жинағында, Ө.Әлімгереевтің «Мақаш әкім» (1992 жыл) кітабында жарық көрді. Досжан ақынның өлең, толғауларында заман мен өмір мәні, тіршілік сәні, өтпелі дәурен, кісілік қасиет туралы келелі ойлар қозғалады. Бейнелі де әсерлі сөздермен, ақындық арынмен тебіріне толғайды. Досжан ақынның елге мәлім екі айтысы бар: оның бірі Жайықтағы Беріш Қабдеш Жұматовпен хат арқылы айтысы болса, екіншісі Бала Оразбен айтысы. Қартайған кезінде көзінен айырылған Досжан Қожбанұлы 1908 жылы қайтыс болды.
Қазақтың атақты ақыны Хамит Ерғалиев бала жастан атасы Досжан ақынның шығармаларын оқып, болашақтағы соқпағын әдебиеттен тапқаны белгілі. Ақын естеліктерінде бұл туралы жазылған да. Хамит Ерғалиев Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысына қатысқан. «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде, Жазушылар одағы қазақ поэзия редакциясында, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында («Жазушы») поэзия редакциясында жауапты қызметтер атқарған. Алғашқы өлеңдері Гурьев облыстық газетінде жарық көрді. Хамит Ерғалиев отызға жуық жыр жинақтарының авторы. Ақын шығармашылығының тақырыбы сан алуан: қазақ халқының өткен өмірі, Қазан төңкерісінен кейінгі бейбіт кезеңі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан мен тылдың бірлігі, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдерін, жаңа өмірді ақын өлеңдеріне арқау етті. «Құрманғазы» поэмасында ұлы сазгер Құрманғазының, «Күй-дастан» поэмасында академик-сазгер Ахмет Жұбановтың жарқын бейнесін жасады. «Жылдар, жылдар» дастанында бүгінгі дәуір жетістіктерін жырлады. Көркем очерк, публицистикалық мақалалары арқылы көкейтесті мәселелерге үн қосып отырды. Хамит Ерғалиевтің негізгі шығармалары орыс тіліне, басқа да туысқан халықтар мен шет ел тілдеріне (чех, венгр, украин, карақалпақ, қырғыз, өзбек, тәжік, поляк) аударылды. Хамит Ерғалиев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Атырау қаласы мен Исатай ауданының Құрметті азаматы. Бірінші және Екінші дәрежелі Отан соғысы, Халықтар достығы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Атырау облысы мен Алматы қаласындағы көшелерге аты берілген.
Атырауға барған осы сапарымызда Хамит Ерғалиев атындағы ауыл іргесіндегі «Бақсай өзегі» аталатын көлде жүзіп жүрген аққуларды көріп, жеңіл көліктен түсіп, сыртынан тамашалап қарап тұрдық. Жұптарын жазбаған аққулар соңынан көгілдірлерін ертіп, айдын көлді емін-еркін жайлап алған. Көл жағасындағы қамыс-құрақ ішінен мамырлап шыққан аққулар көл бетінде сыланып, жайбарақат жүзіп жүр. Іргедегі ауылдан көліктердің мотор даусы мен ит үріп, сиыр мөңіреген беймаза шуын да елер емес. Ауыл тұрғындары «Бақсай өзегін» аққу құстың ерте кезден мекендеп келе жатқанын, көктемде көлге ұшып келіп жұмыртқалап, балапан ашып, қара күзге дейін сайран салатынын айтты. Ауыл тұрғындары қолы бос кезде көл жағасына келіп, аққуларды қызықтап, өздерімен бірге алып келген азығын беріп, тынығып қайтады екен. Қара күзде жылы жаққа ұшып кеткен аққулар келесі көктемде қайтадан ұшып келіп, көлді құс базарына айналдырып жатады екен. Ауыл адамдарына бауыр басқан аққу құстардың бірнеше ұрпағы осы көлде өсіп-өніп, құтты мекеніне айналдырып алған.
«Ауыл иттерінен қауіп-қатер төнбейді ме?» деп бізбен бірге жүрген, осы жерде туып-өскен жандардан сұрағанымызда: «Бұл жердің иттерінің де аққуларға көзі үйренгендіктен, ауылдың үйрек-қазындай көретін болса керек, олардан еш қорқыныш жоқ. Аққудың көгілдірлері ауылдың қаз-үйрегімен араласып, кешкілікте үйді-үйге қайтқанда аулада бірге түнеп, ертеңгісін үйірімен қайтып табысып жататын кезі де болады. Көктемде аққу құстар көктен қиқулап оралғанда ауылдың үлкен-кішісі көлге келіп қызықтап, қанатты достарымен қуана қауышады. Ұзақ жолдан арып-ашып жеткен аққуларға жем береді» деген сөзін естідік.
Иә, аққу құс ерте бастан адамдарға жақын тіршілік етеді. Қазіргідей аң-құсқа деген көзқарас өзгеріп, жыртқыштық пиғылдың бой көтерген кезінде қанатты жануарлардың ауыл іргесіндегі айдын көлден ажырамай келе жатқаны бізді еріксіз таңырқатты. Табиғаттың осы тамылжыған көрінісін ұялы телефон мен фотоаппаратқа түсіріп алдық.
Алматы—Атырау— Алматы.