Қауіпсіздік қалқаны

Қауіпсіздік қалқаны
sotreport.kz

Жыл сайын еліміздегі мектептерді 150 мыңға жуық оқушы 11 сыныпты бітіріп шығады. Әдетте үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жоғары сынып жеткіншектерін жиі толғандыратын мәселелердің бірі – мамандық таңдау. Сондықтан "Кім боласың?" деген сұраққа әркім әртүрлі жауап береді.

Ер балалар көбінесе әскери адам болуды қалап, жоғарғы әскери оқу орындарына жол тартып жатады. Соның ішінде кейбірі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтын таңдайды. Әскери институт 1997 жылы құрылған болатын. Сол жылдардан бастап институт түлектері қоғамдық тәртіпті және мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге атсалысып келеді. Ұлттық ұланның Әскери институты құрылғаннан бері 4000-ға жуық офицер дайындалған. 49 түлек институтты алтын медальмен тәмамдап, 270 түлек үздік дипломмен бітірген.

Бекзат СОПЫБЕК,

Ұлттық ұлан Әскери институтының 4-курс курсанты: 

– Мен осы іргелі Әскери институтта білім алып жатқанымды мақтан етемін. Себебі, бұл білім ордасынан жан-жақты шыңдалып шығасың. Институт түлектері тек Ұлттық ұланның бөлімдерінде ғана емес, Қорғаныс министрлігінің бөлімдерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінде, Төтенше жағдай министрлігінде, Мемлекеттік күзет қызметінде, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінде де қызмет атқаруда. 130-дан астам офицер-түлек «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінде еңбек етеді, олардың 41-і күрең беретті киіп жүруге құқылы.

Бүгін біздің еліміздің басшылығы Әскери институттың оқу-әдістемелік базасын одан әрі дамыту және оқу орнын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясына қайта даярлау мәселесін қарастыруда. Бұл бізге жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы (магистратура, докторантура) бойынша әскерлеріміз үшін кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.

Түлектердің арасынан Бірімжанов Мирас, Байымбетов Ерлан, Самат Қадырбеков, Тінәлин Әмір, Азамат Нұрпейісов секілді кикбоксингтен әлем чемпиондары шығып, қазіргі таңда жас буынды тәрбиелеуде. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғысы да сол бағытқа бет алады» демекші, қазіргі күні оқып жатқан курсанттардың арасында да жекпе-жек төбелесінен әлем чемпионы, қатардағы жауынгер Арапбай Сауран, панкратионнан әлем чемпионы, қатардағы жауынгер Зубаиров Нияз бар.

Біз қай кезде де, қандай жағдайда да Тәуелсіз Қазақстанның қалқаны болуға дайынбыз!

 

Серікбол СӘРСЕНБАЙ,

Әскери институттың 4-курс курсанты:

– Мектеп қабырғасында жүрген кезімде офицер боламын деп іштей шешіп те қойған болатынмын. Оқуға түсу үшін ғаламторды шарлап, қажетті мәліметтерді ерінбей-жалықпай іздестіріп, құжаттарды жинастырып, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып, Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтына оқуға түстім. Міне, көзді ашып-жұмғанша қазір 4-курста оқып жатырмын. Әскери институтта курсанттардың сапалы білім алуына толықтай жағдай жасалған. Институт оқу-материалдық базасымен, қару-жарақпен және техникамен жарақтандырылған. Далалық жағдайда жаттығу жасау үшін оқу орталықтары мен атыс алаңдары да бар. Өз кезегінде түлектер оқуды аяқтап, әскери бөлімдерге келгенде, іс жүзінде жинаған тәжірибесін қиналмай қолдануына негіз бар екендігін білдіреді.

Бүгінде мұнда, 4-курста Алматы қаласынан келген Бекзат Сопыбек, Дәуір Молдахмет, Еламан Нұрпейісов секілді курсанттар білім алып жатырмыз. Мақсатымыз – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін қамтамасыз ету үшін біз де бір кірпіші болып қаланып, мемлекетіміздің гүлденуі жолында адал еңбек ету. Ел сенімін ақтау. Халқымыздың тыныштығы мен бейбіт өмірін күзетуде кірпік қақпай тұрған Ұлттық ұланымыздың абыройын асқақтату.

Елімізде орын алған кешегі ауыр күндерде қауіпсіздігімізге қалқан бола білген қайсар әріптестеріме ризашылығым шексіз.