Ілияс Өсеров: Қала әкімдігі зардап шеккен бизнеске қаржылай және өзге де қолдау шараларын пысықтауда

Ілияс Өсеров: Қала әкімдігі зардап шеккен бизнеске қаржылай және өзге де қолдау шараларын пысықтауда
Сурет: Inbusiness.kz

Алматыда тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес нысандарына келтірілген залалды анықтау жөніндегі комиссия жұмысын жалғастыруда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«54 әкімшілік ғимарат пен құрылыс 15,6 млрд теңгеге зардап шекті. Полицияның, өрт сөндірушілердің және басқа да мемлекеттік ұйымдардың материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру үшін шамамен 8,6 млрд теңге қажет болады. Құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызметтердің 260 көлік құралы, 2,1 млрд теңге сомаға жеке және заңды тұлғалардың 155 автомобилі бүлінген немесе өртенген», - деп хабарлады Ілияс Өсеров.

Оның айтуынша, қалада 1600-ге жуық бизнес субъектісі 66,5 млрд теңгеге зардап шеккен.

Үкіметтік комиссия зардап шеккен ШОБ субъектілеріне келтірілген залалды өтеу тетігінің жобасын әзірледі. І.Өсеровтың айтуынша, қала әкімдігі қаржылық және өзге де қолдау шараларын пысықтауда.

Әкімнің орынбасары Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында жедел желі жұмыс істейтінін еске салды: 1308 және қалалық 338-33-88.