Антқа деген адалдық

Антқа деген адалдық
Inform.kz

Әлеуметтік желіде тәртіпсіздіктерге қатысқан белсенділердің өз жағына шығуға үгіттегенімен, Ұлттық ұлан қызметшісінің оған көнбей, міндетін атқара бергендігі туралы бейнежазба тарап кеткен. Жұртты тәнті еткен бұл әскери - ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 6655-әскери бөлімінде лейтенант Ұлан Мырзабай, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Ерболат Сұлтанов мәлім еткендей, Ұ.Мырзабайға қатысты оқиға Ақтөбе қаласында болды.

Әлеуметтік желіде тарап кеткен б ейнежазбаны 190 мыңға жуық адам қарап, 700-дейі әскери қызметшіні қолдап, пікір жазған.

Анықталғанындай, бейнежазба 5 қаңтар күні Ақтөбеде түсірілген болып шықты.

Алматы облысы Қапшағай қаласының тумасы Ұлан Мырзабай Ұлттық ұланда 2017 жылдан қызмет етіп келеді екен.

Сол күні олар заңсыз митингі кезінде Ақтөбе облысы әкімдігі алдындағы алаңда алдыңғы шепте тұрған.

Ұ.Мырзабайдың сөзіне қарағанда, бастапқыда бәрі тыныш болған. Бұлар митингіге қатысушылардың өз талап-тілектерін білдіруіне қарсылық етпеген, қайта қорғап тұрған. Алайда кейбіреулері тәртіп бұза бастаған.

«Қолдарында тас, таяқ, арматура және Молотов коктейлі болды. Алдыңғы шепте тұрған маған бірнешеуі жақындап келіп, видеоға түсіріп, мені өз жақтарына шығуға үгіттеді. Бірақ мен бұйрықтың аты бұйрық екендігін айтып, әскери антыма адалдықтан айнығаным жоқ. Еліміз бізге сенді. Сол сенімнен шығудан, Отанды қорғаудан артық абырой жоқ», - деді Ұлан Мырзабай.