Алматының Алмалы ауданы қаңтар айындағы оқиғалар барысында ең көп зардап шекті

Алматының Алмалы ауданы қаңтар айындағы оқиғалар барысында ең көп зардап шекті
Сурет: BAQ.KZ

Жалпы шығын көлемі - 20,4 млрд теңге.

Әуезов және Бостандық аудандарына да үлкен залал келді. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысы барысында әкімнің орынбасары Ілияс Өсеров хабарлады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алмалы ауданында келесі нысандар зардап шекті: 7 азық-түлік дүкені 13,7 млн теңгеге, 284 азық-түлік емес дүкені 8336 млн теңгеге, 2 қару-жарақ дүкені 5150 млн теңгеге, 15 қоғамдық тамақтану нысаны 158 млн теңгеге, 35 ломбар 2625 млн теңгеге, 5 ЖҚС 52,5 млн теңгеге, 25 қаржы ұйымы 145 млн теңгеге, 29 ірі бизнес нысаны 3965 млн теңгеге, т.б. зардап шекті,  жалпы шығын 20,4 млрд теңгені құрады.

Әуезов ауданында 153 дүкен, оның ішінде 1 қару-жарақ, 9 қоғамдық тамақтану орны, 21 ЖҚС, 11 ломбард және 10 ірі бизнес нысаны қирады. Жалпы шығын 20,1 млрд теңгеге бағаланады.

Бостандық ауданындағы нысандар 17,3 млрд теңгеге шығынға ұшырады.

І. Өсеровтың айтуынша, ең аз шығын Наурызбай ауданында – 72,5 млн теңге.

Қалалық штаб отырысында сөз сөйлеген әкім орынбасары зардап шеккен нысандар бойынша деректерді жинау жұмыстары жалғасып жатқанын, соның ішінде жергілікті жерге барып, жинақталуда екенін атап өтті. Бағалау кәсіпкерлердің ақпараты негізінде, яғни сарапшыларды тарта отырып, толыққанды аудит жүргізбей жүзеге асырылды.

«Белгілі болғандай, қазіргі уақытта Үкімет залалды бағалау және өтеу тетігін әзірлеуде. Бұл құжатта өтеу сомасын анықтау әдістемесі, комиссиялар мен бағалаушылардың жұмыс тәртібі, сондай-ақ басқа да рәсімдер регламенттелетін болады», - деп атап өтті І. Өсеров.

Өтінімдерді беру сайт арқылы жүзеге асырылады деп күтілуде infokazakhstan.kz («Атамекен» ҰКП әкімшісі, сайт техникалық тұрғыда дайын). Өтінімге кәсіпкерлер тетікте көрсетілетін құжаттар пакетін, оның ішінде залал фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы хабарламаны қоса беруі керек.

Есептеулер залалдың 3 санаты бойынша жүргізіледі: жылжымайтын мүлік, жылжымалы мүлік және жабдықтар мен тауарлар.

Бұдан әрі өтінімдерді аудандық комиссия қарайды. Оның құрамына мәслихат, әкімдік, кәсіпкерлер палатасы және қоғамдық бірлестіктер өкілдерін қосу жоспарлануда. Бұдан әрі барлық растайтын құжаттар мен бағалау нәтижелерінің негізінде комиссия залалды өтеу туралы шешім қабылдайтын болады.