Алматыда қайырымдылық акциялары жүзеге асырылуда

Алматыда қайырымдылық акциялары жүзеге асырылуда
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Мәслихат депутаттары мен жанашыр азаматтардың қаржылай қолдауымен 572 тұрмысы төмен отбасы мен бес үкіметтік емес ұйымға 8 тоннаға жуық азық-түлік сатып алынды.

Алматы әкімдігінің аппараттық кеңесінде қаланың әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева аз қамтылған отбасыларды, күш құрылымдарын және ҮЕҰ-ны қолдау туралы айтып берді.

«Алматы қаласында қалыптасқан жағдайға байланысты 2022 жылдың 9 қаңтарынан бастап  «Жақсылық бастауы» қайырымдылық қорымен бірлесіп құқық қорғау органдары мен Ұлттық ұланның 1455 қызметкерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша қайырымдылық акциясы өткізілуде. Ал «April Group» ЖШС-мен бірге 200 аз қамтылған отбасыға азық-түлік жиынтығы берілді», - деді қалалық әл-ауқат басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, мәслихат депутаттары мен жанашыр азаматтардың қаржылай қолдауымен 572 тұрмысы төмен отбасы мен бес үкіметтік емес ұйым – Қазақ зағиптар қоғамы, «Ана үйі» ҚҚ, «Реванш» ҚҚ, «Жанұя» дағдарыс орталығы, «Тин челлендж» есірткіге тәуелділікті оңалту жөніндегі медициналық орталық үшін 8 тоннаға жуық азық-түлік сатып алынды.