99 жастағы алматылық әжей екпе салдырды

99 жастағы алматылық әжей екпе салдырды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Ол – «Спутник V» вакцинасын салдырған Зағиша Шалова есімді Батыр ана.

№36 қалалық емханада 99 жастағы әжей коронавирусқа қарсы вакцина алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Зағиша Шалова –12 баланың анасы, 15 немеренің әжесі.

«Бұл - менің жеке шешімім, осы індет мені және туыстарымды айналып өтсе деймін. Балаларымның барлығы екпе алып қойған. Қазір өзімді жақсы сезінемін, ешқандай ауытқулар болған жоқ, өзімді нашар сезінген емеспін, әрі қарай да осылай болады деп үміттенемін»,- дейді әжей.

Вакцина салу басталғалы бері Наурызбай ауданы бойынша 27 мың адам екпе алды, оның 40% №36 қалалық емханасында алған. Аудан бойынша екпе алғандардың арасында вакцинадан соң ешқандай асқынулар орын алмаған.

«Тұрғындар арасында вакцина салдырғысы келетіндер саны артып келеді. Әр азамат бекітілген жеріне қарамастан, қаладағы қалаған емханада вакцина ала алады. Күнделікті біздің емханаға коронавирус инфекциясынан вакцина алуға 150-200 шақты адам келеді», -деді №36 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген.

Коронавирусқа қарсы вакцина алу №36 емханада демалыссыз, күнделікті сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін жүргізіледі.