98 жастағы соғыс ардагері COVID-19-ға қарсы вакцина алды

98 жастағы соғыс ардагері COVID-19-ға қарсы вакцина алды
Сурет: 24.kz

Вакцина салдырған қарт адам қай жаста да адам өз денсаулығына мән беруі керек деп санайды

Қызылорда облысы Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылының тұратын 98 жастағы Қабақ Смағұл коронавирусқа қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz


Майдангер денсаулық зор байлық екенін алға тартты. Сондықтан қазір әлемді жайлаған қауіпті дерттің бетін қайтару үшін елді екпе қабылдауға шақырды.

«Қазір әлем халқы пандемияның ауыр зардабын тартып келеді. Одан құтылудың басты жолы - вакциналау. Мен ғасырлық жасқа қадам бастым. Десе де, қай жаста да адам өзінің денсаулығына маңыз беруі тиіс. Сондықтан коронавирусқа қарсы вакцина қабылдауды жөн санадым», - деді қарт майдангер.

1923 жылдың 1 шілдесінде дүниеге келген Қабақ ақсақал 1942 жылы соғысқа аттанған. Тула қаласын азат етуге қатысқан. 1943 жылы ауыр жараланып елге оралған. Бейбіт өмірде білек сыбана еңбек етті.

Майдангер ағарту үйінің меңгерушісі, ауылдық кеңестің хатшысы лауазымын атқарды. Есепшілік саласында тура 40 жыл жұмыс жасады. Жұбайы Күлжан екеуі он бала өсіріп, ел қатарына қосты. Балаларының баршасы жоғары білім алды. Бұл күндері немере-шөбере, шөпшек сүйіп отыр. Елдің дамуы үшін қызмет жасаған майдангер көптеген орден, медальдардың иегері.

Облыста вакцинаның бірінші компонентімен егілгендер саны 329492 адамды құрайды. Ал вакцинамен толықтай қамтылғандар саны 271 173 адамға жетті.

Еске салсақ, Қызылордада екпе қабылдауға қабілетті азаматтардың 72 пайызы вакцина салдырды.